502

Ақтөбеде мектеп алаңында 10 жастағы оқушыны ұрып-соғып, қолын сындырған

Анасының айтуынша, баланы жоғары сынып балалары әдейі соққыға жыққан.

Ақтөбеде мектеп алаңында 10 жастағы оқушыны ұрып-соғып, қолын сындырған
бейнежазбадан / КТК

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбеде №36 мектептің 10 жастағы оқушысы Айсұлтанды жоғары сынып оқушысы соққыға жықты деген шағым түсті. Анасының айтуынша, оқиға 6 қазанда сабақтан кейін мектептің спорт алаңында болған. Бұл туралы КТК арнасы жеткізді.

Айсұлтан сол күні қатарластарымен алаңда ойнап жүрген. Осы кезде алаңға келген шамамен он шақты жоғары сынып оқушысы кіші балалардан орын босатуды талап еткен. Анасының сөзінше, олардың бірі Айсұлтанды итеріп жіберіп, кейін тағы екі рет иығы мен аяғына соққы жасаған.

Жасөспірім ауырсынуды бірден сезгенімен, үйге өзі келген. Келесі күні ауруханаға барған кезде оның сол қолы сынғаны анықталды. Баланы ота жасап, гипс салған. Жарақаттан кейін небәрі бір жарым ай өтсе де, Айсұлтан әлі де дәрігер бақылауында, мектепке бара алмай онлайн оқып жүр.

Алайда мектеп басшылығы оқушыны ешкім ұрмағанын айтады. Директор Бауыржан Сарин журналистерге сол күнгі бейнежазбаны да көрсеткен, бірақ қараңғы түсірілген видеодан нақты ештеңе байқалмайды. Басшылықтың пайымынша, Айсұлтан жарақатты кездейсоқ алған.

Полиция оқиғаның мән-жайын әлі анықтай алмай отыр. Құзырлы орган тексеріс жүргізіліп жатқанын растады. Қатысы бар оқушының ата-анасына бала тәрбиесіне салғырт қарағаны үшін жауапкершілік жүктелмек. Ал күдікке ілінген оқушы профилактикалық есепке қойылған.

Мектеп өкілдері оның бұған дейін ешқандай жанжалға қатыспағанын атап өтті.

Материал авторы