413

Ақтау әуежайы эскалаторда жарақат алған бала үшін 2 млн теңге өтемақы төлейді

Екі жастағы қыздың саусақ жарақатына әуежай қызметкері кінәлі деп танылды.

Ақтау әуежайы эскалаторда жарақат алған бала үшін 2 млн теңге өтемақы төлейді
istock

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтау әуежайы эскалаторда жарақат алған екі жастағы қыздың анасына 2 млн теңге өтемақы төлейтін болды. Бұл туралы шешімді Жоғарғы сот жариялады.

Сот дерегіне сәйкес, оқиға 2024 жылдың жазында болған. Астанадан Ақтауға ұшып келген әйел екі баласымен терминалдан шыққаннан кейін, кіші қызы – небәрі екі жастағы бүлдіршін – жолаушылар шығатын есік арқылы қайтадан әуежай ғимаратына кіріп кеткен.

Ішке кірген соң қыз эскалатордың қозғалыстағы тетігіне қолын тығып, бірнеше саусағына ашық жарақат алып, сүйектері сынған. Бала ауруханаға жатқызылып, ұзақ емделген. Дәрігерлер оның 10 жасқа толған кезде тағы бір түзету операциясы қажет болатынын айтқан.

Анасы моральдық зиян үшін өтемақы талап етіп сотқа жүгінді. Әуежай өкілі қызметкерлердің кінәсі жоқ деп мәлімдеді, баланың өзі жақындап кеткенін алға тартты.

Алайда сотта көрсетілген бейнежазба бәрін өзгертті: инспектор қызды ғимаратқа кірер кезде қолынан ұстап тұрғаны, бірақ анасын өткізбеуге тырысып жүріп баланы жіберіп алғаны анықталды. Салдарынан бүлдіршін бақылаусыз қалып, эскалаторға өзі барған.

Сот қызметкердің әрекеті баланың жарақат алуына тікелей себеп болғанын айтып, әуежайдың кінәсін растады. Ешқандай қарсы дәлел ұсынылмаған. Инспектордың еңбек құжаттарында да оның жолаушыларды өткізу режимін бақылауға міндетті екені көрсетілген.

Нәтижесінде сот әуежайдан 2 млн теңге көлемінде моральдық өтемақы өндіру туралы шешім шығарды. Үкім заңды күшіне енді.

Материал авторы