Көкшетауда мұзға құлап кеткен үш баланы құтқарып алған адам іздестіріліп жатыр
Құтқарушы бейтаныс адам табылған жағдайда марапатталмақ.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Көкшетауда Қылшақты өзенінің жұқа мұзында ойнаған үш бала суға батып кете жаздады. Қауіпті жағдайды байқап қалған бейтаныс ер адам балаларды өз қолымен шығарып, оларды жедел жәрдем бригадасына табыстаған. Бұл туралы Ақмола облыстық ТЖД мәлімдеді.
Ведомствоның дерегінше, 2016, 2017 және 2018 жылы туған балалардың ойыны секунд ішінде төтенше жағдайға айналған. Көрген куәгер дереу әрекет етіп, үшеуін де аман алып қалған.
Балалар орта дәрежелі үсік белгілерімен облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізілді. Тексерістен кейін дәрігерлер оларды үйлеріне амбулаториялық емге жіберді.
ТЖД құтқарушыны табуға кірісіп, оны мемлекеттік наградаға ұсынуды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар ведомство тұрғындардың ескертуге қарамастан, жұқа мұзға шығуын жалғастырып отырғанын атап өтті. Соңғы төрт күнде қатпаған мұзға шыққаны үшін 35 адамға әкімшілік айыппұл салынған.
Облыста жағдай ушығып тұр: жақында Шортанды ауданында алғашқы мұзға шыққан 70 жастағы балықшы суға құлап, көз жұмды. Оның денесін сүңгуірлер іздеп тапты.
Материал авторы