823

54 «елес» студентті оқытқан колледж директоры бюджеттен 49 млн теңгені жымқырды деген күдікпен ұсталды

Жоқ студентке стипендия рәсімдеп келген директор қолға түсті.

54 «елес» студентті оқытқан колледж директоры бюджеттен 49 млн теңгені жымқырды деген күдікпен ұсталды
SMARTNEWS.KZ коллажы

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Батыс Қазақстан индустриалдық колледжінің директоры ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырды деген күдікпен тергеліп жатыр. Бұл жөнінде 19 қарашада Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады.

Тергеу мәліметінше, колледж басшысы оқу орнына іс жүзінде оқуға қатыспайтын 54 адамды жалған түрде студент ретінде тіркеген.

Агенттік таратқан ақпаратқа сәйкес, бұл тұлғалар құжат жүзінде белсенді студент ретінде көрсетілген: оларға жалған бағалар қойылып, сабаққа қатысу табелі мен үлгерімі толтырылған. Кейбіріне көтерілген көлемде стипендия да рәсімделген.

Жалған студенттердің атына арнайы банктік шоттар ашылып, сол шоттарға стипендиялық төлемдер аударылған. Ал банк карталар директорға немесе оның тапсырмасы бойынша басқа адамдарға беріліп, қолма-қол ақшаға айналдырылып отырған.

Тергеу болжамы бойынша, осылайша 49 млн теңгеден астам бюджет қаржысы жымқырылған.

Қазіргі таңда колледж директоры үй қамағына алынған. Сот санкциясымен оның пәтеріне арест қойылды. Тергеудің өзге деректері Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жарияланбайды.

Материал авторы