«Солтүстік қазақ» атын пайдаланған блогер жазаланды
Блогер өзіне тағылған айыпты толық мойындаған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Көкшетау қалалық соты блогер Аслан Төлегеновке — желіде «Солтүстік қазақ» деген атпен танылған — үкім шығарды. Ол ұлтаралық араздық қоздыру және жалған ақпарат тарату баптары бойынша 3 жыл 9 айға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы сот Kozachkov offside телеграм-арна жолдаған ресми сауалға берген жауабында хабарлады.
Іс жабық сот отырысында қаралған. Тергеу материалдары мен сараптамалардың қорытындысы бойынша, Төлегенов YouTube-арнасында жариялаған видеоларында ұлттық негіздегі алауыздықты қоздыру белгілері болған. Сонымен қатар, ол шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтер таратқан.
Сот дерегінше, айыпталушы өзіне тағылған айыптарды толық мойындап, дәлелдерге дау келтірмеген. Сол себепті іс қысқартылған тәртіппен қаралды.
Ресми жауапта «айыпталушының кінәсі сараптамалар, телефондағы материалдар, интернет-ресурсқа жасалған тексеру және бейнежазбалармен дәлелденгені» көрсетілген.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Материал авторы