SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті ЕЭО талаптарын бұзу дерегін анықтады. «Сырым» ветеринариялық бақылау бекетінде Ресейдің Самара облысынан Қызылорда облысына бағытталған жүк көлігі тоқтатылып, тексеріс барысында 63 мың тауық жұмыртқасы тиелгені белгілі болды.
Құжаттарды тексеру кезінде өрескел сәйкессіздік анықталды: ветеринариялық сүйемелдеу құжаттарында көрсетілген жөнелтуші ұйым ЕЭО-ға мүше мемлекеттерге жануар тектес өнім жеткізуге рұқсат етілген кәсіпорындар тізімінде жоқ болып шықты. Осыған байланысты жүк кері қайтарылды. Ал жүргізушіге ҚР ӘҚБтК-нің 406-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды. Ветеринариялық-санитарлық нормалардың талаптары оған түсіндірілді.
Комитет хабарлауынша, 2025 жылдың басынан бері ЕЭО елдерімен шекарада ветеринариялық инспекторлар 57 185 көлік құралын және 738 мың тоннаға жуық мал шаруашылығы өнімін тексерген.
Нәтижесінде 1 020 көлік кері қайтарылып, 397 әкімшілік хаттама рәсімделген. Айыппұлдардың жалпы сомасы 19,7 млн теңгені құрады.
Үшінші елдермен шекарадағы бақылау бекеттерінде 21 654 автокөлік, 69 802 теміржол вагондары, 257 теңіз кемесі және 2,1 млн тоннадан астам мал шаруашылығы өнімі тексерілді. Соның нәтижесінде 24 автокөлік кері қайтарылып, 24 хаттама толтырылған.
RUS