Маңғыстауда түлкі мектеп оқушыларын тістеп алған (ВИДЕО)
Дәрігерлер екі оқушыға шұғыл медициналық көмек көрсетті.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Маңғыстауда жабайы түлкілер ауыл мектебінің екі оқушысына шабуыл жасады. Оқиға 21 қараша күні тіркелген. Бұл туралы Lada.kz жазды.
Бейнеу аудандық көпбейінді орталық ауруханасының травматология бөліміне 14 және 7 жастағы екі бала жеткізілген. Медициналық құжаттарда екеуін де жабайы түлкі тістегені көрсетілген.
Дәрігерлер 14 жастағы баланың — оң санынан, ал 7 жастағының — сол санынан жарақат анықтаған. Оқушыларға хирургиялық өңдеу жасалып, барлық қажетті екпелер егілді. Қазір балалардың жағдайы қанағаттанарлық, амбулаториялық бақылауда.
ECOJER өңірлік экологиялық кеңесінің төрағасы Әділбек Қозыбақов видео кадрлардағы жануардың қарсақ емес, кәдімгі түлкі болуы ықтимал екенін айтты.
Маманның сөзінше, мұндай жағдай көбіне жануардың құтыру ауруына шалдыққанын көрсетуі мүмкін, сондықтан оларға жақындау аса қауіпті.
Эколог тұрғындарды жабайы аң көрген жағдайда дереу тиісті қызметтерге хабар беруге, ал тістелген жағдайда жедел түрде дәрігерге жүгінуге шақырды.
Материал авторы