Финляндия ресейліктерге пәтер сатуға тыйым салмақ
Қорғаныс министрлігінің ұсынысын Ресей елшілігі «русофобия» деп атады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Финляндияның қорғаныс министрі Антти Хяккянен ресейліктердің көпқабатты үйлерден пәтер сатып алу жолын қайта қарауды ұсынды. Елде 15 шілдеден бері Ресей және Беларусь азаматтарына жер телімін сатып алуға тыйым салынған, бірақ бұл шектеу көппәтерлі үйлердегі жеке пәтерлерге қолданылмайды.
Yle телеарнасына берген сұхбатында министр жеке пәтерлердің қатері жер теліміндей жоғары болмаса да, мәселе назардан тыс қалмауы керегін айтты. Оның сөзінше, шалғай өңірлердегі тұрғын үй компаниясының акциялары «дұшпандық ниеті бар тараптың» қолына шоғырланса, бұл ұлттық қауіпсіздікке күтпеген қатер төндіруі мүмкін. Министр жылжымайтын мүліктің гибридтік ықпал ету құралына айналып отырғанын атап өтті.
Yle мәліметінше, ресейліктер Финляндияда жылжымайтын мүлікті белсенді сатып алып келеді. Елде Ресей тумалары мен орыс тілді тұрғындардың саны ондаған мыңға жетеді.
Бұған дейін Ресейдің Финляндиядағы елшісі Павел Кузнецов жер телімін сатып алуға салынған тыйымды «русофобия» және «әскери психоз» деп атаған. Елшілік бұл шектеу елде тұрып жатқан шамамен 20 мың Ресей азаматына әсер етуі мүмкін екенін айтқан.
Материал авторы