700 млн жымқырды деп айыпталған шенеуніктің әкім орынбасары болып оралуы дау туғызды
Бір жыл бұрын айыпталған шенеунік жоғары қызметке өтті.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақмола облысында бір жыл бұрын 700 миллион теңгені жымқырды деп айыпталған Альмира Ибраева Қосшы қаласының әкімінің орынбасары қызметіне қайта оралды. Жергілікті биліктің кадрлық шешімі қоғамда бірден сұрақ туғызды.
Қосшы қаласының әкімі Гайдар Қасымов жақында экономика және қаржы саласына жауапты жаңа орынбасарын таныстырды. Лауазымға Ибраеваның бекітілгені белгілі болды. Алайда оның есімі бұған дейін өңірдегі ірі қаржылық тергеумен байланысты аталған.
Өткен жылы Ақмола облысында 700 миллион теңгенің жымқырылуына қатысты бірнеше шенеуніктің ұсталғаны хабарланған еді. Сол тізімде Ибраева да болған. Облыстық соттың дерегінше, ол кезде оған бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алу санкциясы берілген.
Алайда араға көп уақыт салмай, Ибраеваның мемлекеттік қызметке қайта тағайындалуы тұрғындар арасында күмән тудырды. Қосшы халқы «айып тағылған адам мемлекеттік қызметке қалай қайта оралды?» деген сұрақты ашық қоя бастады.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті бұл тағайындауға түсінік берді. Ведомство мәліметінше, Ибраева 2017 жылы мемлекеттік әкімшілік қызметкерлерге арналған аттестаттаудан толық өткен. Үш кезеңдік бағалау – құжаттық тексеріс, жеке құзыреттер тесті және комиссия алдындағы әңгімелесу – бәрі оң нәтиже берген.
Сонымен қатар департамент Ибраеваға қатысты қылмыстық істің 2021 жылы тоқтатылғанын хабарлады. Тергеу оның әрекетінен қылмыстық құрам анықталмағанын көрсеткен. Сол себепті оның мемлекеттік қызметке қайта оралуына ешқандай шектеу болмағанын айтты.
Материал авторы