Жамбылда әскери қызметкер көзі жанарынан айырылды
Жауынгердің жарақатына байланысты туыстары жауап талап етіп отыр.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жамбыл облысында әскери қызметкер ант қабылдау рәсімі кезінде ауыр жарақат алып, бір көзінен айырылды. Оқыс оқиға жас сарбаздардың салтанатты шарасында болған. Зардап шеккен Жақсылық Молдақұлдың туыстары бұл жағдайды «қабағы жарылған» деп жылы жауып қоймақ болды деп ашынып отыр. Ал өзі басшылықтың тапсырмасымен басына бөтелке сындырылғанын айтады. Бұл туралы Информбюро бағдарламасы жеткізді.
Таулы-егерлік полкте өткен қабылдау рәсімінде сарбаздардың жігерін көрсету үшін арнайы шоу ұйымдастырылған: оттан секіру, жекпе-жек элементтері және әскери қызметкердің басында бөтелке жару. Дайындығы жоқ болғандықтан, 24 жастағы жауынгер соққыдан кейін бірден есеңгіреп қалғаны видеодан анық байқалады.
Жәбірленушінің туыстарының айтуынша, қауіпсіздік талаптары сақталмаған.
Таңшолпан Айнабектің сөзінше, мұндай көрсетілімге қатысуға жауынгердің жазбаша келісімі қажет, алайда ол құжатқа қол қойылмаған.
Жақсылықтың анасы Гүлзира Байқонысова жалғыз ұлының болашағына алаңдап отыр. Төрт жылдан бері келісімшартпен қызмет етіп жүрген азамат үйдің жалғыз асыраушысы болған. Ол енді әскери қызметке жарамай қалуы мүмкін, ал өзгеге қай жұмысқа қабілетті болатыны белгісіз.
Жарақат алған әскери қызметкер жанарынан айырылғанын өзі бірден білмеген. Дәрігерлер психологиялық соққы болмас үшін оның жағдайын жұмсартып түсіндірген. Жамбыл облыстық офтальмологиялық орталығының мамандары қарашығы ағып кеткен көзге шұғыл операция жасалғанын айтты.
Жансая Сыдықованың айтуынша, операция көзді ағзалық тұрғыда сақтап қалу үшін жасалған. Екінші көзге қауіп төнбеуі үшін ұзақ мерзімді ем жалғасып жатыр.
Әскери бөлім басшылығы әзірге оны мүгедектік санатына қосуды ерте деп отыр. Медициналық сараптама қорытындысынан кейін қажет болса, барлық қолдау көрсетілетіні айтылды.
24 жастағы жігіттің анасы қорғаныс министрлігіне ресми түрде жүгінуді жоспарлап отыр. Оның талабы – оқиғаның толық зерттелуі және ұлына нақты көмек көрсетілуі.
Материал авторы