Қоғамда заң мен тәртіпті нығайту: кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта жүруіне қатысты шаралар
Қазақстанда құқықтық мәдениетті арттыру және қоғамдық тәртіпті нығайтуға бағытталған қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі тұжырымдама аясында кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары жүйелі түрде күшейтілуде.
Қолданыстағы заңнамада түнгі уақытта кәмелетке толмағандардың заңды өкілінсіз қоғамдық және ойын-сауық орындарында жүруін шектеу – балаларды мүмкін болатын қауіп-қатерден қорғауға бағытталған негізгі талаптардың бірі болып белгіленген.
ӘҚБтК-нің 442-бабы талаптарына сәйкес (статистикалық мәліметтер qamqor.gov.kz порталынан алынған):
1-бөлігі – кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз сағат 22-ден таңғы 6-ға дейін ойын-сауық мекемелерінде болуы үшін заңды өкілдеріне 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады (2025 жылы бұл 11 796 теңгені құрайды). 2025 жылдың 10 айында осы тармақ бойынша 3 820 тұлға жалпы 23 788 151 теңге сомасына айыппұл түріндегі әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
2-бөлігі – кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғынжайдан тыс жерде сағат 23-тен таңғы 6-ға дейінболуы үшін заңды өкілдеріне ескерту жасауға әкеп соғады. Бұл норма бойынша 104 мыңнан астам тұлғаға ескерту берілген.
3-бөлігі – әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттері үшін заңды өкілдеріне 7 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады (2025 жылы – 27 524 теңге). Осы тармақ аясында 6 634 тұлғаға жалпы 104 875 623 теңге көлемінде айыппұл салынған.
Түнгі уақытта балалардың қараусыз қалуы түрлі қауіп-қатерлерге алып келуі мүмкін. Осыған байланысты ішкі істер органдары, мектеп инспекторлары және жергілікті атқарушы органдар түнгі рейдтер, профилактикалық тексерістер, ата-аналармен түсіндіру жұмыстары және білім беру ұйымдарымен бірлескен іс-шараларды күшейтуде.
Бұл шаралар заң мен тәртіп идеологиясының мақсатына толық сәйкес келеді, яғни құқық бұзушылықтың алдын алу, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ ата-аналардың жауапкершілігін арттыру қоғамдағы тәртіп пен заңдылықты нығайтудың маңызды тетігі болып табылады.
Бас прокуратураның жанындағы
Құқық қорғау органдары академиясының
Прокурорлық қадағалау кафедрасының аға оқытушысы
А. Жарылғасынқызы