Ермұрат Бәпи түрмедегі журналист Думан Мұхамедкәріммен кездесті
Депутат Думан Мұхамедкәрім карцерде отырғанын, тіпті денсаулығы нашарлағанын жеткізді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, депутат Ермұрат Бәпи Қызылорда колониясында жазасын өтеп жатқан журналист Думан Мұхамедкәріммен кездесіп қайтты. Кездесу барысында журналистің денсаулығы, жағдайы және түрме режиміне қатысты мәселелер талқыланған. Бәпи бұл жөнінде Facebook парақшасында жазды.
Депутаттың айтуынша, ол Мұхамедкәрімге жергілікті азаматтар дайындаған қысқы соғымнан сыбаға апарған. Колония әкімшілігі сәлем-сауқатты тексерусіз қабылдап, кездесуге мүмкіндік жасаған.
Екі сағатқа созылған әңгімеде Мұхамедкәрім өзіне тағылған айыптарды мойындамайтынын тағы да айтқан. Оның сөзінше, Қызылордаға ауыстырылғаннан бері карцерде — бір адамдық камерада отыр. Бұған себеп — мекеме формасын киюден бас тартуы.
Журналист мұны «үкімді мойындамағандықтан түрме киімін кию міндетті емес» деп түсіндірген. Осы ұстанымы үшін оған 13 ішкі тәртіптік жаза берілген.
Депутаттың жазбасында Мұхамедкәрімнің денсаулығы нашарлағаны да айтылады. Ол салмағын жоғалтып, бүйрегі түсіп, асқазаны сыр берген. Ол мұны жиі аштық жариялауымен байланыстырады.
Мұхамедкәрім Алматы маңындағы немесе Талдықорғандағы мекемеге ауыстыруды сұраған. Алайда Қылмыстық-атқару жүйесі бұл өтінішті орынсыз деп тапқан. Себебі тәртіп бұзған сотталғандар басқа мекемеге жіберілмейді.
Сонымен қатар депутат журналист отырған камераға жарылғыш зат лақтырылды деген мәлімдемеге де тоқталды. Колония басшылығы мұны «Мұхамедкәрімнің айналасындағы қоғамдық дау тудыруға бағытталған сыртқы арандатушылық болуы мүмкін» деп бағалап, қастандық нұсқасын қисынсыз деп есептейді.
Еске сала кетейік, Думан Мұхамедкәрім 405-баптың 2-бөлігі және 258-баптың 1-бөлігі бойынша — тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысу және экстремизмді қаржыландыру айыптары бойынша 7 жылға сотталған.
Материал авторы