SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбе қаласының №2 қалалық соты дәмхана әжетханасында студент қызға жәбір көрсетуге әрекеттенген 35 жастағы ер адамға үкім шығарды. Іс жабық режимде қаралғанымен, үкім ашық жарияланды. Сот оны 6 жылға бас бостандығынан айырып, мәжбүрлі түрде наркологиялық ем қабылдауды міндеттеді. Бұл туралы Kazinform жазды.
Тергеу материалдарына сәйкес, жұмысы жоқ, мас күйдегі ақтөбелік қаладағы дәмханалардың біріне кіріп, әйелдерге арналған әжетханаға өтіп кеткен. Ол есікті күштеп ашып, қолындағы шанышқымен студент қызды қорқытып, жәбір көрсетуге әрекет жасаған. Жәбірленуші қарсылық танытып, айқайлаған соң дәмханада отырған ер адамдар жүгіріп келіп, күдіктіні сыртқа сүйреп шығарған.
Сот айыпталушының әрекетін бейнежазбалар, куәгерлердің сөзі және өзге де дәлелдемелер толық растайтынын атап өтті.
Үкімге сәйкес, сотталушы Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі және 120-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды. Оған орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеу белгіленді. Сонымен бірге жәбірленушіге 1,5 млн теңге моральдық өтемақы өндіру туралы шешім шығарылды.
Судья оның мас күйінде қылмыс жасағанын жазаны ауырлататын мән-жай ретінде бағалады. Ал істі мойындап, өкінуі жазаны жеңілдететін фактор деп танылды.
RUS