Жамбылда «сәлем салудан» бас тартқан келіннің ісі сотқа жетті
Дәстүрді орындамаған келіннің мәселесі ушығып кетті.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жуалы аудандық соты отбасылық жанжалға қатысты әкімшілік істі қарады. Құжаттарға сәйкес, ер адам «Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер» бабы (ҚК 73-бабы, 1-бөлім) бойынша жауапқа тартылған.
Оқиға тойханада басталған. Күйеуі жұбайынан қазақтың ежелгі дәстүрі саналатын «сәлем салуды» орындап, өзінен жасы үлкен әпкесіне иіліп сәлем беруін сұраған. Алайда келін бұл өтініштен бас тартқан. Үйге қайтар жолда ер адам ашуға булығып, әйеліне балағат сөздер айтқан.
Сотта ол кінәсін толық мойындап, жұбайынан кешірім сұрады. Әйелі де мәселені ушықтырмай, істі медиация тәртібімен тоқтатуды өтінді.
Прокурордың қарсылығы болмаған соң, сот тараптарды татуластыру рәсіміне жіберіп, істі тоқтатты. Шешім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, «сәлем салу» – келіннің қайын жұртына құрмет білдіретін көне қазақ дәстүрі. Рәсім кезінде үлкендер бата беріп, ақ тілегін айтады.
Материал авторы