Алматыда атышулы іс: блогерлер мен кәсіпкерлер ірі көлемде ақша бопсалаған
Жәбірленуші 100 млн теңгеден асатын қарыз және 28 млн теңге талап туралы айтып отыр.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда танымал блогерлер мен кәсіпкерлерге қатысты қылмыстық іс сотқа жетті. Олардың үстінен «ірі көлемде топ болып ақша бопсалау» бабы бойынша айып тағылған. Істі жарты жылдан астам уақыт тергеген құзырлы орган деректерін 31 арна жаңалықтар қызметі жария етті.
Айыпталушылар қатарында кәсіпкерлер Құрманғазы Айтмұқанов пен Андрей Белянский, сондай-ақ блогерлер Дамир Күшеев пен Руслан Каримов бар. Тергеу болжамынша, олар жәбірленушіні әлеуметтік желіде масқаралайтын видеолар жариялаймыз деп қоқан-лоққы көрсеткен. Бұл істе жәбірленуші ретінде кәсіпкер Бақтияр Блаев танылған.
Оның айтуынша, айыпталушылар әлеуметтік желідегі ықпалын пайдаланып, қысым жасаумен қатар, бұрынғы сот шешімі бойынша төлеуге тиіс 20 млн теңге қарыздан бас тартуға көндірмек болған. Блаев тергеуге берген түсінігінде, өзінің алдындағы жалпы берешек көлемі 100 млн теңгеден асатынын, ал күдіктілер талап еткен «үстеме» 28 млн теңгеге жеткенін мәлімдеген.
Ал айыпталушылардың қорғаушылары істің мазмұнын жоққа шығарады. Дамир Күшеевтің адвокаты Әмір Акимжановтың айтуынша, тараптардан мүлікті немесе ақша талап еткен нақты дәлел жоқ, сондықтан істің бопсалауға қатысты бөлігі дәлелденбеген.
Бірнеше эпизодтан тұратын іс алқабилердің қатысуымен Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотында қаралып жатыр. Барлық айғақтар мен деректерді алқабилер бағалайды.
Материал авторы