SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Павлодар облысында Қаржылық мониторинг агенттігі жүкті әйелдерге заңсыз жолмен миллиондап жәрдемақы рәсімдеген қылмыстық схеманы әшкереледі. Тергеу дерегінше, бұл тетік арқылы мемлекетке 200 млн теңгеден астам зиян келтірілген.
Агенттіктің мәліметіне сәйкес, Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық бөлімінің басшысы өз кәсіби білімін пайдаланып, схемаға туысын – бірнеше кәсіпкердің электронды цифрлық қолтаңбасына қолжетімділігі бар есепшіні тартқан.
Есепші кәсіпкерлердің өздері білмей-ақ, олардың ЭЦҚ-сын қолдана отырып, жалған бұйрықтар, ведомостер мен басқа да құжаттар рәсімдеген. Қағаз жүзінде жүкті әйелдер «жұмысқа алынған» болып көрсетіліп, сол негізде әлеуметтік төлемдер тағайындалған.
Сондай-ақ бірнеше сенімді адам арнайы тартылып, жүкті әйелдерді тауып, схеманың «заңды» екеніне көндірумен айналысқан.
Нәтижесінде 13 кәсіпкердің атынан 50-ден астам әйелге 6 млн теңгеге дейін негізсіз жәрдемақы төленген. Ақша кейіннен қатысушылар арасында бөлініп отырған.
Сот санкциясымен күдіктілердің үш автокөлігіне тыйым салынды. Тергеу жалғасып жатыр. ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, өзге мәліметтер жария етілмейді.
RUS