SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада полицейлердің сиырды қуып жүрген сәті түсірілген видео әлеуметтік желіге тарады. Оқиға қала ішінде, Есіл жағалауында болған.
Instagram-дағы vsya_astana парақшасында жарияланған кадрларда тәртіп сақшысы тротуар мен автокөлік жүретін бөлікті бойлай қашып жүрген ірі қараны тоқтатуға тырысып жатыр. Жануардың жолға шығып, қозғалысқа қауіп төндіргені байқалады.
Сарыарқа аудандық полиция басқармасының дерегінше, сиыр қала көшелерінен шығарылып, қауіпсіз жерге жеткізілген.
Тәртіп сақшылары иесін анықтап, одан түсініктеме алған. Ол сиырдың шаруашылық аумағынан қашып кеткенін айтқан. Мал иесі ауыл шаруашылығы жануарларын күтіп-бағу және жаю талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Бұған дейін EXPO маңында жүрген қызыл түлкінің видеосы да желіде тараған. Жыл басынан бері қалада үй жануарларынан бөлек, сиырлар мен жабайы аңдардың көшеге шығып кету жағдайлары бірнеше рет тіркелген.