SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Түркістан облысындағы Алғабас ауылында болған жойқын өрттен аман қалған 7 жастағы қыз бала қайтыс болды. Бұл ақпаратты облыстық денсаулық сақтау басқармасы растады.
Ведомствоның мәліметінше, 2018 жылы туған қыз өте ауыр халде ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер бірнеше күн бойы қарқынды терапия мен реанимациялық шаралар жүргізгенімен, баланың жүрек қызметін қалпына келтіру мүмкін болмады. Ол 30 қараша күні жан тәсілім етті. Марқұм туған ауылында жерленді.
Еске салайық, 18 қарашада Алғабастағы екі қабатты жеке үйде өрт шығып, 12 адам қаза тапқан еді. Оның 9-ы — бала. Тағы үш адам, соның ішінде екі ересек пен бір кәмелетке толмаған, ауруханаға түскен.
Прокуратура мәліметіне қарағанда, отбасында сол күні сүндет той болған. Әуелі мейрамханада жалғасқан шара түнге қарай үйге ауысқан. Таң ата бере үйден өрт тұтанып, адамдар шығып үлгермеген.
Денсаулық сақтау вице-министрі аман қалғандардың жағдайы әлі де ауыр екенін айтқан. Қатты жарақаттанған 7 жастағы қыз шұғыл түрде тікұшақпен Шымкенттегі Гипербариялық оксигенация орталығына жеткізілген болатын.
RUS