Қарағандыдағы еңбек құлдығы: апелляция үкімді қайта жазды
Жәбірленушілерге төленетін өтемақы азайды
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қарағандыдағы көпжылдық еңбек құлдығына қатысты даулы іс бойынша апелляциялық инстанция үкімді қайта қарап, айыпталушылардың жазасын жеңілдетті.
2 желтоқсанда Қарағанды облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы айыпталушылар мен олардың қорғаушылары жолдаған шағымдарды қарап, мамандандырылған соттың биыл 26 мамырда шығарған үкіміне өзгеріс енгізді. Алғашқы инстанция айыпталушыларды ұйымдасқан қылмыстық топ құрды деп танып, екі адамды — оның бірі I топтағы мүгедек — ұзақ жылдар бойы аяусыз еңбек құлдығында ұстағаны үшін қылмыстық жауапқа тартқан еді.
Алғашқы инстанция барлық айыпталушыны кінәлі деп танып, Б.-ға 17 жыл, ал Б., Г. және Х.-ға 12 жылдан тағайындаған. Үшеуі үшін — кәмелетке толмаған балаларының болуы жеңілдететін мән-жай саналған. Ал Б.-ға бұл жеңілдік қолданылмады, себебі оның ісінде қылмысты қайталау дерегі анықталған. Азаматтық талаптың бір бөлігі қанағаттандырылып, жәбірленуші М.-ге: Б.-дан — 3 млн теңге, Г. мен Х.-тан — 2 млн, Б.-дан — 1 млн теңге өндірілген. Ал Л.-дың талабы азаматтық сот тәртібіне жіберілген.
Апелляциялық сот үкімді келесідей өзгертті:
Б. ұйымдасқан қылмыстық топ құрды деген айыптан толық ақталды. Эксплуатация бабы қайта сараланып, 9 жылға сотталды. Бұған дейінгі үкіммен біріктірілгенде жалпы жаза — 11 жыл, аса қатаң режим сақталады.
Г., Х. және Б. да ұйымдасқан топқа қатысу бабымен ақталды. Еңбек қанау бабы қайта сараланып, әрқайсысына орташа қауіпсіздік мекемесінде 6 жылдан тағайындалды.
Бұған дейін өндірілген өтемақылар ішінара қысқартылды немесе мүлде алынды.
Сот алқасы ұйымдасқан топтың бар екенін дәлелдейтін айғақ табылмағанын мәлімдеп, осы бап бойынша барлық айыпталушыны ақтады. Сонымен қатар тергеу мен процессуалдық әрекеттердегі өрескел бұзушылық үшін полиция департаменті мен прокуратура атына жеке қаулы шығарылды.
Өзгертілген үкім осы күні күшіне енді.
Материал авторы