Астанада қаза тапқан фельдшер Ұлдана Мырзуанның атына оқу аудиториясы ашылады
Марқұмның оқыған оқу орнында жаңа аудитория ашылады дейді министр.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Мәжіліс кулуарында 21 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазаға әкелген оқиға бойынша тергеудің алдын ала нәтижелерін жария етті.
Министрдің айтуынша, тергеу әлі жүріп жатыр, соңғы қорытынды тек материалдар толық жиналғаннан кейін шығады.
«Бізге ақпарат тұрақты түрде келіп жатыр. Тергеу жалғасуда. Негізгі сұрақтар – құрылыс нормалары мен талаптарының бұзылуына қатысты», – деді Әлназарова.
Алдын ала мәліметтерге қарағанда, қайғылы жағдай кондиционердің сыртқы блогын монтаждау кезінде талаптар сақталмауынан туындауы мүмкін. Тергеу органдары нақты қандай ұйымдар мен лауазымды тұлғалардың жауапты екенін анықтап жатыр.
Министр Ұлдана Мырзуанның есімін мәңгі есте қалдыру жөніндегі жоспарларды да жария етті.
Оның сөзінше, фельдшер еңбек еткен жедел жәрдем станциясының ұжымы, медициналық колледж басшылығы және министрлік бірлесіп, арнайы аудитория ашуға дайындалып жатыр.
«Ол оқыған медициналық колледжде есімі берілген оқу аудиториясын ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл – біз үшін өте ауыр, жүректі тілімдейтін жағдай. Дәрігерлер қауымын біріктірген оқиға болды. Біз оның қабір басына ескерткіш орнатқымыз келеді», – деді министр.
Айта кетейік 8 қарашада Астанада Тәуелсіздік даңғылындағы ғимараттың кірпіш қаптамасы мен кондиционер блогы опырылып түсті. Бес адам зардап шекті.
Олардың қатарында жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуан да болды. Ол шақыру бойынша оқиға орнына келіп, зардап шеккендерге көмектесіп жатқанда, екінші қабаттан құлаған кондиционер оның үстіне түскен.
Дәрігерлер 8 қарашадан бері Ұлдананың өмірі үшін күресті, бірақ алған жарақаттары тым ауыр болып, жас маман қайтыс болды.
Президент Жарлығымен Ұлдана Мырзуан қызметтік борышына адалдығы, ерлігі және қиын жағдайда көрсеткен жанқияр әрекеті үшін «Ерлігі үшін» медалімен (қаза тапқаннан кейін) марапатталды.
Материал авторы