3130

«Мектеп оқыта алмай ма?»: Депутат оқушылардың жаппай қосымша курстарға баруын сынға алды

Мәжілісте ата-аналарды алдап соққан Tesla Education дауы көтерілді.

«Мектеп оқыта алмай ма?»: Депутат оқушылардың жаппай қосымша курстарға баруын сынға алды
Мәжілістің баспасөз қызметі

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Мәжілісте депутат Нартай Сәрсенғалиев Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға қосымша білім беру нарығындағы бақылау, сапа және қауіпсіздік мәселелері туралы өткір сауал жолдады. Оның айтуынша, балаларын жеке курстарға берген көптеген ата-ана алданып, ақшасын қайтара алмай жүр.

Депутат мәселені былай көтерді:

«Әлеуметтік жағдайы бар оқушылардың бәрі мектептегі дайындық жеткіліксіз болғандықтан жаппай қосымша курстарға баруға мәжбүр. Сонда не — емтихан сұрағын құрастыратындар білім бағдарламасын білмей ме, әлде бағдарламаның өзі жеткіліксіз бе?»

Сәрсенғалиев әсіресе «Tesla Education» орталығына қатысты дауды атап өтті.

«Қазір 3 мыңға жуық азамат «алдандық», «1 млрд теңгеден астам қаражатымызды қайтара алмай қалдық» деп шағымданып жатыр. Мұндай орталықтарға рұқсат беру тетіктерін қатаңдату қажет», — деді депутат.

Сонымен бірге ол шығармашылық пен спортқа бағытталған мемлекеттік «Даму-бала» бағдарламасының ауылдық жерге қолжетімсіздігін сынға алып, мониторинг пен тиімділік өлшемдерін күшейту қажеттігін айтты.

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова даулы курстарға қатысты жауапкершілік министрлікке қарамайтынын атап өтті.

«Tesla Education сияқты ұйымдар кәсіпкерлік кодексімен реттеледі. Бұл — ата-аналар мен жеке орталықтар арасындағы азаматтық-құқықтық қатынас. Министрлік олардың жұмысына араласа алмайды», — деді ол.

Дегенмен министр қоғам дабылын ескере отырып, заңнаманы өзгерту басталғанын хабарлады.

«Алаяқтыққа жол бермеу үшін Білім туралы заң мен Кәсіпкерлік кодексіне нормаларды қатаңдату бойынша ұсыныстар әзірленіп жатыр», — деді Сүлейменова.

Министрлік қосымша білім алатын балалардың қозғалысын бақылау үшін Ұлттық білім беру деректер қоры ақпараттық жүйесіне жаңа функционал енгізіп жатқанын да айтты.

«Репетиторлық орталықтарға бару — азаматтың конституциялық құқығы. Бірақ мектептегі білім сапасын көтеру үшін қай пән, қай сынып, қай тақырып бойынша оқушылар қиналып жатқанын толық талдап, кешенді жұмыс басталды», — деді министр.

Ол бұл мәселе министрліктің бақылауында екенін атап өтті.

Материал авторы