Шенеунігіңіз сізді марқайта ма, әлде сан соқтырып шалқайта ма?
Мемлекеттік қызметкер — халыққа үлгі болуы тиіс тұлға. Тек кәсібилік емес, оның сөзінен де, жүріс-тұрысынан да мәдениет, парасат, елге деген сый-құрмет байқалғаны жөн. Даусы жағымды, сөзі анық, мінезі орнықты болса — халыққа да, мемлекетке де абырой.
Бірақ, шындыққа тура қарасақ, біз мұндай болмысты шенеуніктерді сирек көреміз. Керісінше, ойына келгенін айтып қалатын, мәдениеті тежелген, халықпен сөйлесе алмай қысылып-қымтырылатын мемлекеттік қызметкерлер жиі көзге түседі. Бұл — жүйелі даярлықтың әлсіздігін көрсететін ащы белгі.
Алматы облысындағы оқиға: шенеуніктің сөзі – жұрттың ашуы
Жуырда Алматы облысының бір шенеунігі көпшілік алдында:
«Әуелі мүгедектермен кездесіп алайық, оларды Алла да, и так наказали ғой» – деп салып, өзін де, өңірін де ұятқа қалдырды.
Бұл сөз тез таралып, қоғам белсенділері оны қызметтен босатуды талап етті. Шенеунік кейін кешірім сұрағанымен, халық оған сенбей, «қалайша осындай деңгейдегі кадрлар ел алдында жұмыс істейді?» деген орынды сұрақ қойды.
Халық шенеуніктің әр сөзін қалт жібермейді. Себебі солардың шешімімен елдің тұрмысы да, тағдыры да байланысты.
Аңдамай сөйлеген шенеунік аз емес
Біз бұған дейін де түрлі «конфуздарды» көрдік:
– қазақша сөзін «серьезно», «просто», «наконец-то», «даже» деп шұбарлап сөйлейтіндер;
– журналистке «Жынымды келтірмеңізші» деп салған вице-министр;
– елді «үңгір ұлтшылдығы» деп айыптап, жұрттың ашуын тудырған шенеунік;
– шетелдік қонаққа арналған шапанды өзі киіп алып күлкіге қалған дөкей;
– Парламентке шығып, қазақша сөйлеуге қиналып, сөзден сүрініп жүргендер;
– Әнұран кезінде қолын кеудесінің оң жағына қойып, елден ерекше тұрып қалған депутат;
– Атырауда төбелесіп, бірі комаға түскен екі шенеунік.
Тізе берсек, шенеуніктердің «оқыс оқиғалары» бітпейді.
Мәселенің түбі — мемлекеттік қызметкерлердің мәдени деңгейі мен коммуникациялық дағдысының төмендігі. Қазақша білмеу, сұрақты түсінбеу, өз ойын жеткізе алмау — моральдық дағдарысқа айналды.
Президенттің тапсырмасы: әкімдерді оқыту жаңа деңгейге өтеді
Жақында президент ауыл әкімдерін даярлауды жеделдетуді талап етті. Бұл — тамаша мүмкіндік. Өйткені ертеңгі үлкен шенеуніктер — бүгінгі ауыл әкімдері. Солардың арасынан мәдениетті, парасатты, сөзі орнықты кадр шығару — мемлекет үшін стратегиялық міндет.
Халықпен сөйлесуді, қоғам алдында өзін ұстауды, сауатты қазақ тілінде еркін жеткізуді үйрететін жүйелі мектеп қажет.
Қорытынды: ел алдында жүрген адам — елдің айнасы
Бет-аузын қызартып арақ ішіп жүретін, сөйлегенде шатасып қалатын, қазақша түсінбейтін, дөрекі жауап беретін шенеунік — халықтың сенімін өлтіреді. Ондай адамға теріс қарау — кейде ең дұрыс реакция шығар.
Айналаңызда «арпа ішінде бір бидайдай» мәдениетті шенеунік сирек кездессе, көңілге қаяу түспей қайтсін?..
Халықтың құрметі — сөзбен емес, мінезбен, ісімен келетінін түсінетін шенеунік көбейетін күн тезірек туса екен.
Авторы Серік Алдан