SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Франция президенті Эммануэль Макрон Қытайды Украинадағы соғысты тоқтату жолын іздеуге белсенді қатысуға шақырды.
Бейжіңде ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен өткен келіссөзден кейін Макрон Қытайдың кем дегенде Украинадағы маңызды инфрақұрылымға жасалып жатқан шабуылдарды тоқтатуға бағытталған халықаралық күш-жігерге қосылатынына үміт білдірді. Оның айтуынша, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелері ретінде Париж бен Бейжіңнің жауапкершілігі де ерекше.
Си Цзиньпин Қытайдың Украинада бейбітшілік орнатуға мүдделі екенін тағы қайталап, Бейжің конструктивті рөл атқаруды жалғастыратынын айтты. Сонымен бірге ол соғыстың жауапкершілігін тек бір тарапқа аударуға қарсы екенін мәлімдеді.
Бейжің Ресейдің Украинаға қарсы соғысында басты саяси және экономикалық серіктес болып отыр. Қытай Ресейге қарсы халықаралық қысымға қосылмады және қарулы басқыншылықты айыптамады. Батыс елдері Қытайды Ресейге қосарлы мақсаттағы тауарлар жеткізу арқылы қолдау көрсетіп отыр деп сынайды.
Макрон Қытайға сапар алдында Парижде Украина президенті Владимир Зеленскиймен және одақтастарымен соғысты тоқтату жөніндегі келіссөздердің барысын талқылаған.
Бұл — Макронның Қытайға жасаған төртінші мемлекеттiк сапары. Си Цзиньпин жұбайы Пэн Лиюаньмен бірге француз президентін және оның жұбайы Брижит Макронды Сародақ сарайында ресми түрде қарсы алды. Президентпен бірге келген делегацияда 80-ге жуық адам бар, олардың қатарында ірі француз компанияларының өкілдері де бар.
Келіссөз барысында Макрон Франция мен Қытай арасындағы кейбір пікір қайшылықтарын жеңу қажет екенін айтты. «Париж бен Бейжің арасында көзқарас айырмашылықтары бар, бірақ біздің міндетіміз — оларды еңсеру», — деді ол. Франция басшысы Қытайды G7 елдерімен ынтымақтасуға шақырып, әлемдік тәртіптің ережеге негізделген жүйесін сақтаудың маңызын атап өтті.
Си Цзиньпин Қытай мен Франция арадағы стратегиялық әріптестікті нығайтуға және сыртқы ықпалсыз дамытуға әзір екенін жеткізді.
RUS