4112

Қоқыс жәшігінен табылған әйелдің мәйіті: 17 жастағы мектеп оқушысы сотталды

Шымкентте жасөспірім үй тазалаушы әйелді үйіне шақырып, оны азаптап өлтірген еді. Марқұмның артында 2 қызы қалды.

Қоқыс жәшігінен табылған әйелдің мәйіті: 17 жастағы мектеп оқушысы сотталды
марқұмның туыстары ұсынған сурет

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шымкенттің қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған соты 26 жастағы Диана Оңғарбаеваны өлтірді деп айыпталған 17 жастағы жасөспірімге қатысты үкімді жариялады. Тергеу дерегіне сәйкес, жоғалған әйелдің денесі он күннен кейін қоқыс контейнерінің жанынан табылған.

Судья Бақыт Тынәлиев сот залында үкімді оқыды:
«ҚР ҚК 99-бабының 1-бөлігі бойынша 7 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын белгілеу».

Сот бұл мерзім – кісі өлтіру бабымен кәмелетке толмағандарға тағайындалатын ең жоғары жаза екенін атап өтті. Тергеу барысында марқұмның денесін қорлау дерегі дәлелденбеген.

Алайда Диана Оңғарбаеваның туыстары үкімді әділетсіз деп санайды және апелляцияға жүгінбек.

Марқұмның әпкесі Айдана Оңғарбаева соттың шешімімен келіспейтінін айтты:
«Мұндай қатыгездік үшін 7 жарым жыл — мүлде жеткіліксіз. Ол бірнеше рет пышақ сұғып, бәрін саналы түрде жасады. Зорлау ниеті болды деген деректер де бар, бірақ бұл эпизод дәлелсіз деп танылды. Ал денені пакетке орап, қоқысқа тастау — қорлау емес пе? Екі қыз анасынан айырылды, мұның өтеуі қайда?».

Сот материалдық өтемақы ретінде жәбірленуші тарапқа 10 млн теңге өндіруді міндеттеді.

Еске салайық, қайғылы оқиға тамызда болған. Тергеу мәліметінше, Тергеу деректеріне сүйенсек, жазғы демалыс кезінде жасөспірім Шымкентке келіп, үй жөндеу жұмыстарында істеген. Бір күні үйде жалғыз қалған кезде ол қылмыс жасауға бел буған. Әлеуметтік желі арқылы ол пәтер жинаумен айналысатын әйелді тапқан. Сол әйел — Диана болған. Диана келісім бойынша пәтерін жинап бергеннен кейін 15 мың теңге сұрағанда, күдікті оған пышақпен шабуыл жасап, қылмысты жасыруға тырысқан. Ол денені полиэтиленге орап, қоқыс жәшігіне тастап кеткен.

Материал авторы