4172

Маңғыстауда командир атып өлтірген сарбазға қатысты іс Жоғарғы сотқа өтті

Қорғаушы тарап айыпты «абайсызда өлтіру» бабына ауыстыруды сұрап отыр.

Маңғыстауда командир атып өлтірген сарбазға қатысты іс Жоғарғы сотқа өтті
әлеуметтік желіден

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Маңғыстаудағы 19 жастағы сарбаз Марат Баркұловтың өліміне қатысты іс жаңа кезеңге өтті. «НеМолчи.kz» қорының дерегінше, зенит-артиллериялық взводтың бұрынғы командирі Дамир Досовтың адвокаты мен анасы Жоғарғы сотқа шағым түсірген. Олар сот үкімін өзгертіп, айыпты «адам өлтіру» бабынан қару қолдану қағидаларын бұзу салдарынан абайсызда өлтіру бабына ауыстыруды сұрайды.

Досовтың анасы шағымында істі «саяси» деп атап, тергеудің қасақана ауырлатылғанын айтады. Сонымен бірге майор Майлиевтің әрекеттерін де қарауды талап еткен: олардың сөзінше, дәл ол оқ-дәріні салып, қаруды кобураға қойған, ал Досов қаруды оқталмаған деп ойлаған. Жауапкер тарап тергеудегі бірқатар заң бұзушылықты көрсетіп, анасының денсаулық жағдайы мен әлеуметтік қиындықтарын да ескеруді сұраған.

Қор өкілдері марқұмның әскери қызметтестерімен сөйлескенін хабарлады. Куәгердің айтуынша, оқ атылған сәтте ол Мараттың жанында болған.
Оның сөзінше, Досов шатырға кіргенде пистолет беліндегі кобурада тұрған. Ол сарбаздарға айқайлап, қаруды шығарып, әуелі атып көрген — тек шүріппе «сылқ» еткен. Кейін қарудың затворын кейін тартып, қайта бағыттап, Мараттың бетіне оқ атқан.

«Марат дем де ала алмады», — дейді куәгер.

Бұған дейін Досов кассациялық шағым бергені хабарланған. Ол өз кінәсін мойындамай, оқ атылғаны — абайсыз болғанын айтумен келеді.

Еске салайық, былтыр қыркүйекте «Батыс» өңірлік қолбасшылығының оқу-жаттығу жиыны кезінде сарбаз Марат Барқұловқа қарудан оқ атылып, ол оқиға орнында қаза тапқан. Прокуратура 13 жыл сұрады. Қаңтарда сот Досовты ҚР ҚК 99-бабының 1-бөлігі («Кісі өлтіру») бойынша 13 жылға бас бостандығынан айырды. Апелляция үкімді өзгеріссіз қалдырды.

Енді іс Жоғарғы сотта қаралмақ.

Материал авторы