Ақтөбеде анасын өлтіріп, әжесін пышақтаған бала туралы жаңа дерек пайда болды
Ауыр жараланған әже келінінің қазасы туралы әлі білмейді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбеде туған баласының қолынан көз жұмған әйелмен қоштасу рәсімі өтті. Қала тұрғындарын есеңгіреткен қанды оқиғада 16 жастағы мектеп оқушысы анасын қатігездікпен өлтірген. Тергеу болжамына қарағанда, жанжал смартфонға тыйым салудан кейін басталған. Бұл туралы КТК арнасы жеткізді.
Жарақат алған 72 жастағы әже әлі ауыр халде. Дәрігерлер оның жағдайы тұрақтанғанша келінінің қаза тапқанын айтуға батпай отыр.
«Науқас ауыр жағдайда түсті. Денесінде иық, білек, жамбас және қол тұстарында бірнеше пышақ жарасы бар. Сондай-ақ қабырғасы сынған. Есту қабілетінің нашарлығынан байланысу қиын», – деді Ақтөбе қалалық №1 көпбейінді аурухананың бас дәрігері Қадырбек Иманбаев.
Қанды оқиға түнде бесқабатты үйде болған. Тергеу мәліметінше, оқушы анасына бірнеше рет пышақ салған, кейін әжесіне шабуылдаған. Пәтер қазір пломбаланған.
Көршілердің айтуынша, дауысты бірінші боп екінші қабаттағы тұрғындар естіген. Солар полиция шақырған. Тұрғындар бұл отбасы туралы тек жақсы пікір айтады: балалары тәрбиелі, үлкенге құрмет көрсететін еді.
«Қатты айқай естімедік. Кейін білгеніміз – полицейлердің дауысы екен. Балалары өте әдепті болатын, көмектесуге дайын жүретін. Осы жаққа Алғадан оқу үшін көшіп келген. Әкесі такси айдап жүретін», – деді көрші.
Күдікті – 11-сынып оқушысы. Ол жеке мектепке биыл ғана ауысыпты. Мұғалімдері де оның мінезіне қатысты шағым болмағанын айтады.
«Өте тәртіпті бала еді. Үздік оқитын. Ұстаздар жағынан тек жақсы пікір болды. Толық отбасынан шыққан. Болған жағдайға қатты өкінеміз», – деді мектеп директоры Сүндетбек Қалдыбекұлы.
Отбасында үш бала бар. Әкесі күнкөріс үшін жиі сапарда жүрген.
Дәрігерлер әженің өміріне қауіп жоқ екенін айтқанымен, ол бастан өткерген ауыр күйзелістен шығуы үшін ұзақ психологиялық қолдауды қажет етеді.
Материал авторы