4624

Айзат Жұманованың өлімі: Сотта марқұмның анасы жан түршігерлік мәлімдеме жасады

Айзаттың анасы күйеу баласының қатыгездігін ашып айтты.

Айзат Жұманованың өлімі: Сотта марқұмның анасы жан түршігерлік мәлімдеме жасады
SMARTNEWS.KZ коллажы

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Талдықорғанда Айзат Жұманованың өліміне қатысты өтіп жатқан сотта бүгін марқұмның анасы – Салтанат Жұманова жауап берді. Оның айтуынша, қызы тұрмыста жүрген жылдары күйеуінің агрессиясы мен ашушаң мінезіне бірнеше рет шағымданған.

Салтанат Жұманованың сөзіне қарағанда, күдіктіге көп адам қарсы келуге қорыққан. Ерлі-зайыптылардың телефондары өзара синхрондалған. Ал Айзаттың бұрынғы телефоны даладағы әжетханаға түсіп кеткеннен кейін ол жаңа аппарат пайдаланған.

«Қызымның тарапынан қызғаныш тудыратын ештеңе болған жоқ. Ол жерде мүлде байланыс ұстамайды», – деді ол сотта.

Анасының айтуынша, жұп некеге дейін бес жыл жүріп, кейін үш жыл отбасылық өмір сүрген. Айзаттың күйеуінен көрген қорлығы үйленбей тұрып-ақ басталғанын ол ашық айтты.

Марқұмның өлімі түнгі сағат үш шамасында болған. Бірақ бұл туралы анасына күдіктінің анасы таңғы тоғызға жуық қана хабарлаған. Салтанат Жұманова қызының денесі түгел көгергенін, көптеген сызат болғанын жеткізді. Дәрігерлер қабылдаған кезде Айзаттың шашы су болған.

«Шашының арасынан лай мен шөп шықты, бірақ үстіндегі киімі тап-таза. Киімі денесінің жағдайына мүлде сәйкес келмеді», – деді ол.

Резонансты істің соты жалғасып жатыр.

Еске салайық, жазда Жетісудың Ақсу ауданында әйелдің азаптаудан көз жұмғаны туралы ақпарат тараған. Туыстары оны арқанмен байлап, атқа сүйреткен деген нұсқаны айтқан. Кейін күдікті күйеуі әйелінің екінші қабаттан селфи жасап тұрған кезде құлап өлгенін алға тартқан.

Қазан айында істің тергеуі аяқталып, іс сотқа жолданды. Айыптау актісіне сәйкес, қылмыс болған түні ер адам мас күйінде үйіне келіп, әйелін телефонмен сөйлесіп тұрған жерінен көрген соң қызғанышпен сыртқа алып шығып, соққыға жыққан. Кейін өзі ауруханаға жеткізгенімен, Айзат жарақаттан қайтыс болған.

Материал авторы