Астанада бес қабатты үйдегі өрттен бір бала қаза тапты (ВИДЕО)
Алты адам ауыр улану диагнозымен ауруханаға жеткізілді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада бес қабатты тұрғын үйдегі өрт кезінде бала қаза тапты. Оқиға 6 желтоқсанда Абылай хан көшесінде тіркелді. Тұрғын үйдің бірінші қабатындағы шаруашылық бөлмеде от тұтанып, подъездің барлық қабатына қою түтін тараған.
ТЖД дерегінше, құтқарушылар оқиға орнына жеткен бойда барлау жүргізіп, тұрғындарды эвакуациялауға кіріскен. Қызметкерлер 40 адамды, оның ішінде 7 баланы сыртқа шығарды. Сонымен бірге 6 адам құтқарылды, олардың 5-еуі — кәмелет жасына толмағандар. Барлық зардап шеккендер медицина қызметкерлеріне тапсырылды.
Төтенше жағдайдан кейін алты адам қалалық ауруханаларға жеткізілді. Дәрігерлер олардың барлығында көміртек тотығымен уланудың ауыр белгілері барын растады. Зардап шеккендер жансақтау бөлімінде жатыр.
Қоғамдық денсаулық басқармасының хабарлауынша, 2014 жылы туған бір бала өте ауыр жағдайда түскен. Дәрігерлердің барлық әрекетіне қарамастан, ол көз жұмды.
Өрттің нақты себебі анықталып жатыр. Оқиға бойынша тексеріс пен тергеу басталды.
Материал авторы