Яна Легкодимованың өліміне қатысты істі тергеген тергеушінің лауазымы жоғарылады
Атырауда аса ауыр қылмысты ашқан тергеуші марапатталды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырауда Яна Легкодимованың ісін тергеген тергеуші Темірхан Қажымұратов мерзімінен бұрын майор лауазымына көтерілді.
Атырау облысының полиция департаментінде қызметтік міндеттерін орындау барысында ерекше кәсіби шеберлік пен батылдық танытқан қызметкерлерді марапаттау шарасы өтті. Сол тізімде арнайы маңызды істер бойынша аға тергеуші, полиция капитаны Темірхан Қажымұратов та бар. Оған қызметтік дәрежесін мерзімінен бұрын көтеру арқылы полиция майоры атағы берілді.
Темірхан Қажымұратов 2024 жылы із-түзсіз жоғалған Яна Легкодимоваға қатысты аса ауыр қылмысты ашуда тиімді жұмыс істегені үшін марапатталды. Құқық қорғау органдары видеобақылау материалдарын зерттеп, ауқымды жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Нәтижесінде екі күдікті анықталып, тергеу толық аяқталды.
Еске сала кетсек, Яна Легкодимова 2024 жылғы қазан айында үйінен шығып, қайта оралмаған. Оның мәйіті 2025 жылғы маусымда Атырау облысынан табылды. Қылмыстық істі қозғауға Янаның күнделігі себеп болды, онда «Р» деген біреудің аты аталған.
2025 жылғы 17 қарашада сот 24 жастағы Ризуан Қайыржанов пен 25 жастағы Алтынбек Қатимовты аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесті.
Материал авторы