Қарағанды облысында оқушыны отқа ораған жасөспірімге үкім шықты
4 500 теңге үшін бензин құйып, от тұтатқаны айтылды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қарағанды облысында 14 жастағы Нұрсұлтанды өртеп, ауыр жарақат келтірген 16 жастағы жасөспірімге қатысты сот үкімі жарияланды. Оқиға былтыр 17 қыркүйекте Ақтоғай ауданына қарасты Шашубай ауылында болған.
Іс материалдарына сәйкес, екі жасөспірім жеке үйдің ауласында болған. Үлкені бензиннің буын «иіскеуді» ұсынып, канистраны ашқызған. Сол сәтте Нұрсұлтан ыдысты абайсызда қағып кетіп, бензин киіміне шашыраған. Жігіт одан 4 500 теңге «өтемақы» талап етіп, ақшасы жоқ екенін естіген соң от тұтатқан сіріңкені оның үстіне лақтырған. Бензинге малынған шалбар бірден лап етіп жанған.
Жәбірленуші өртті сөндірмек болып жанталасқанда денесіне ауыр күйік түсірген. Алайда жасөспірім кінәсін жасыруға тырысып, жедел жәрдем шақырмаған. Керісінше, күйікке қарамастан ескі шалбар беріп, үстінен кигізіп, болған жайтты ешкімге айтпауға талап қойған. Нұрсұлтан әупірімдеп үйіне жетіп, жағдайды көрген анасы дереу дәрігер шақырған.
Жәбірленушінің сөзінше, барлық әрекетті ұйымдастырған — дәл сол 16 жастағы бала. Соған қарамастан, тергеу бастапқыда салғырт жүргізілген: заттай айғақ алынбаған, күдіктіге бұлтартпау шарасы таңдалмаған, тіпті тергеуші істі «қылмыс құрамының жоқтығы» себепті тоқтатып тастаған.
Тек адвокат Ерсін Рахметовтің араласуынан кейін іс қайта қаралып, тергеу жанданды.
Ювеналдық соттың судьясы Дулат Бурабаев жасөспірімді ҚР ҚК 107-бабы 2-бөлігі («Кәмелетке толмағанға әдейі орташа ауырлықтағы зиян келтіру») бойынша кінәлі деп таныды. Сот оған 1 жыл 6 ай мерзімге бостандығын шектеу жазасын, бір жыл пробациялық бақылау белгіледі. Үкім шығарғанда оның кәмелетке толмағаны және бұрын сотталмағаны ескерілген.
Материал авторы