SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Түркістан облысында 115 млн теңге көлеміндегі бюджет қаражатын жымқыру ісі бойынша тергеу басталды. Бұл жөнінде Қаржылық мониторинг агенттігінің аумақтық департаменті мәлімдеді.
Тергеу мәліметінше, Қазығұрт аудандық орталық ауруханасының бұрынғы бас дәрігері медициналық газбен қамту жүйесіне арналған жабдықты сатып алу кезінде схемалық тәсіл қолданған. Жабдықты әдейі бірнеше бөлікке бөліп, оның әр бөлігіне жеке келісімшарт рәсімдеген. Осылайша, бір сатып алуды ондаған шартқа бөлген.
Схеманы іске асыру үшін ол медициналық бұйымдар жеткізу саласында тәжірибесі бар танысын тартқан. Танысы өзіне қарасты, туыстары мен таныстарының атына тіркелген коммерциялық ұйымдарды пайдаланған. Сол компаниялардан жасанды түрде көтерілген бағадағы коммерциялық ұсыныстар дайындалған.
Ал нақты жабдықты мүлде басқа компания жеткізгенімен, қабылдау актілері мен шарттар осы «қоластындағы» фирмалар арқылы рәсімделген. Қаражат аурухана шотынан осы ұйымдарға түскеннен кейін күдіктілер ақшаны қолма-қол шығарып, өзара бөлген. Мемлекетке келтірілген шығын 115 млн теңгені құрады.
Тергеу нұсқасына сәйкес, түскен қылмыстық табыстың бір бөлігіне күдіктілердің бірі Астанадан екі бөлмелі пәтер сатып алған. Сот санкциясымен бұл мүлікке тыйым салынды.
Бұрынғы бас дәрігер кепіл түріндегі бұлтартпау шарасымен босатылды. Оның сыбайласы үй қамаққа алынған. Тергеудің өзге деректері Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайды.
RUS