575

22 рет пышақ салған: кәсіпкерді өлтірген қаскөй Ресейге қашып кеткен

Қашқын Ресейде ұсталып, елге қайтарылды.

22 рет пышақ салған: кәсіпкерді өлтірген қаскөй Ресейге қашып кеткен
pixabay.com

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Павлодарлық кәсіпкерді аса қатыгездікпен өлтірді деген күдікке ілінген Қазақстан азаматы Ресейден елге жеткізілді. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы мәлімдеді.

Ведомство мәліметінше, оқиға биыл 21 ақпанда болған. Сол күні кәсіпкер жұмысқа шығып кеткенімен, кейін байланысқа шықпаған. Іздеу шаралары басталғаннан кейін ол хабар-ошарсыз жоғалған деп танылды.

Тергеу барысында марқұм сол күні Павлодарда күдіктімен оның үй ауласында кездескені анықталды. Қаржылық дау салдарынан екеуінің арасында жанжал шығып, күдікті кәсіпкердің кеудесі мен бетіне 22 рет пышақ салған. Ер адам оқиға орнында көз жұмған.

Қылмыстың ізін жасыру үшін күдікті денені және жәбірленушінің автокөлігін өзінің гаражына тығып, содан кейін Қазақстаннан қашып кеткен.

Бас прокуратураның хабарлауынша, күдікті наурыз айында Ресей аумағында ұсталып, қазақстандық тараптың сұрауы бойынша экстрадицияланған. Қазір ол тергеу изоляторында қамауда отыр. Ауыр қылмыс бабы бойынша оған 8 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Материал авторы