Германияда қаза тапқан судья Айгүл Сайлыбаеваның күйеуі мен енесіне іздеу жарияланды
Белгілі судья жұмбақ күйде жүкті кезінде қаза тапқан еді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Германияда бір жарым жыл бойы созылған даулы істен кейін Қазақстан құқық қорғау органдары бұрынғы судья Айгүл Сайлыбаеваның күйеуі Александр Донцов пен оның анасын – Наталья Донцованы іздеуге жариялады.
Айгүл Сайлыбаева – бұрынғы судья, «Болашақ» түлегі. Ол 2024 жылдың маусымында Эрлах көлі маңынан өлі күйінде табылды. Марқұм сол кезде 24 апталық жүкті болған.
Адвокат Жанна Оразбақова келтірген дерекке сүйенсек, негізгі күдікті – енеcі Наталья Донцова. Ол дәл сол түні Германиядан асығыс кеткен. Ал Айгүлдің күйеуі Александр Донцов қызына еріп Ресейге өтіп, кейін іздеу жұмыстарына қатыспаған.
Айгүлдің туыстары қылмыстық істі зерттеудегі Германия полициясының әрекетіне бірнеше рет шағымданған. Олардың айтуынша, «тікелей дәлелдер болғанына қарамастан, жарты жылдан аса ешкімге айып тағылмады». Жақындары Донцовтардың ықпалын пайдаланып, жауапкершіліктен қашып жүр деп есептейді.
Марқұмның отбасы Айгүлдің күйеуі мен енесінен үйдегі зорлық-зомбылық көргенін де ашық айтқан. Қайғылы оқиға Айгүл банк картасынан ақша алғаннан кейін болған. Оның денесі екі апта өткен соң ғана табылды — целлофанға ораулы, қорлау іздерімен.
Қазақстанда Айгүл Сайлыбаеваны азаптау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов тергеу ҚК-нің 110-бабы («Азаптау») бойынша жүріп жатқанын растады. Германиямен құқықтық ақпарат алмасу жалғасуда.
Бүгін Қазақстан Донцов Александр мен Донцова Натальяны ресми түрде іздеуге жарияланғанын мәлімдеді. Марқұмның туыстары бұл қадам істің алға жылжуына және әділдікке қол жеткізуге ықпал етеді деп үміттенеді.
Материал авторы