992

Үкімет 188 млрд теңге көлеміндегі «өлі» несиені есептен шығарды

Үкімет соңғы кездері әлеуметтік бағыттағы реформаларды жиілетті. Бұл өзгерістердің дені — халықтың тұрмысын жеңілдетуге, әділдік орнатуға бағытталған. Сол бастамалардың кейбірін жеке атап өткен жөн, өйткені олар шын мәнінде қоғамға әсер ететін қадамдар.

Үкімет 188 млрд теңге көлеміндегі «өлі» несиені есептен шығарды
SMARTNEWS.KZ коллажы

Соңғы бір жарым жылда елде 51 мың азамат жеке банкрот деп танылған. Бұл тек статус емес — олардың жалпы 188 млрд теңге қарызы толық кешірілді деген сөз. Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңға енгізілген түзетулер аясында, енді қаржы ұйымдары алдындағы міндеттемелердің бәрін — тіпті несие бюросында көрінбейтін қарыздарды да тоқтату мүмкіндігі пайда болды.

Адамдардың осыншама қарызға батып кетуінде банктердің өзі де жауапсыз емес. Жылдар бойы банктер жоғары пайызды кепілсіз несиені оңды-солды таратып, тұтынушылық кредитті шамадан тыс қолжетімді етті. Әрине, оны қайтара алмай қалғандар көбейді. Үмітсіз қарыздар көбейген сайын банктер де оны заңмен өндіріп ала алмай, ақыры есептен шығаруға мәжбүр.

51 мың адамның қарызы өтелді деу — тек көрінген бөлігі. Бұдан тыс әлі банкроттыққа өтінбеген немесе рәсімделмеген мыңдаған азамат бар. Дегенмен, мемлекет банктерге тұтынушылық несие беруді шектеуді талап ете бастағаны — жағдайды бақылауға алудың белгісі. Әйтпесе, бір адамның бірнеше банктен қатар несие алу жағдайлары тым көбейіп кетті.

Келесі бір өзгеріс — мемлекеттен баспана кезегіне қатысты. Үкімет үй кезегін толық тазарту процесін бастап кетті. Себебі тізімде ондаған жыл бойы тұрған, бірақ қазір әлеуметтік көмекке мұқтаж емес адамдар өте көп.

Қазір елімізде 642 мың адам мемлекеттік баспана кезегінде тұр. Бірақ соның 14 пайызы ғана құқығын растау үшін жаңартылған деректерді тапсырған. Қалғандарының:

байланыс нөмірлері жарамсыз,

отбасы құрамы өзгерген,

балалары кәмелетке толып кеткен,

ал кейбірінің отбасы мүшелері әлдеқашан үй сатып алған.

Тізімді реттеу үшін бірнеше ай тексеріс жүргізілген. Нәтижесінде көптеген азаматтың бұрынғы жеңілдік санаттарына сай келмейтіні анықталған. Бірақ кезектен шығаруға келісім алу — бөлек әурешілік. Келіспей, табандап отырғандар да бар, бұл да жұмысты тежеп отыр.

Салық саясаты да өзгеріп жатыр. Енді декларацияны уақытында тапсырмаған кәсіпкерлерге айыппұл салынбайды. Есеп берілмесе — ол автоматты түрде «нөлдік декларация» ретінде қабылданады. Кейін кәсіпкер кірісін өзі көрсетіп, түзете алады.

Сонымен қатар:

1 млн теңгеге дейінгі мүлік және жер салығы бойынша берешек автоматты түрде жойылады;

көлік салығы бойынша декларация өткізу талабы алынып тасталды — салық жол полициясының деректерімен есептеледі.

Жалпы алғанда, салық есептілігінің саны 30%-ға қысқарып, бұрынғы 41 есептің орнына 28 ғана қалады.

 

Авторы Серік Алдан