Енді Ресейде халық «тыйым салынған ақпараттарды» іздегені үшін айыппұл арқалайды
Ресейде азаматтарды желіде бақылау күшейіп барады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ресейде интернеттен «экстремистік» деп танылған контентті іздегені үшін алғашқы рет әкімшілік жаза қолданылды. Свердлов облысының соты Каменск-Уральский қаласының тұрғыны, бұрынғы медбрат Сергей Глухихке үш мың рубль (шамамен 20 мың теңге) айыппұл салды. Бұл – жаңа бап бойынша тіркелген алғашқы іс.
«Медиазона» жазғандай, Федеральды қауіпсіздік қызметінің өкілі сотта Глухихтың аты-жөні қызметтің назарында бұған дейін-ақ болғанын аңғартқан. Тергеу мәліметінше, 20 жастағы жігіт Google сервисінде «Азов» батальонының шевроны туралы ақпаратты іздеген. (Бұл батальон Ресейде террористік ұйым ретінде тыйым салынған.)
Глухих сот процесіне қатыспаған. Оның адвокаты Сергей Барсуковтың айтуынша, бұл оқиғадан кейін ол медбрат болып істеген қалалық ауруханадан кетуге мәжбүр болған.
Қалай анықтағаны белгісіз
Іс материалында көрсетілгендей, 24 қыркүйек таңында Глухих автобуспен жұмысқа бара жатып, интернетке сұрау жіберген. Құжатта оның нақты уақыты мен орналасқан жері көрсетілген, бірақ ақпарат қайдан алынғаны жазылмаған. Адвокаттың болжамынша, деректі Федеральды қауіпсіздік қызметіне мобильді оператор беруі мүмкін.
Сол күні оны Федеральды қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері ұстап, телефонын тексеріп, мойындатқан түсініктеме алған. Қорғаушының айтуынша, жігітке психологиялық қысым жасалған.
Ресейлік басылымдар полицияға «белгісіз адам» тарапынан экстремистік сипаттағы құқықбұзушылық жөнінде хабар түскенін жазады. Алайда іс материалдарына қарағанда, құқық қорғау органдарына бұл ақпаратты жеткізген – Федеральды қауіпсіздік қызметкерлерінің өзі.
Қорғаушылар не дейді?
Адвокаттар сот шешімін алған соң оны жоғары инстанцияда дауламақ. Барсуков сотта ФСБ Глухихтың дәл шеврон іздегенін дәлелдей алмағанын айтты. Тіпті ол судьяға өзі телефоннан «Азов» сөзі енгізілгенде түрлі мазмұн қатар шыға келетінін көрсетуге тырысқан: шеврондар да, географиялық атаулар да, Азов теңізі де қатар көрінеді.
Заңның өзі қандай?
Жаңа заң интернетте «экстремистік» деп танылған материалдарды қасақана іздегені үшін жаза қарастырады. Сондай-ақ тыйым салынған сайттарға VPN арқылы кіруді де құқықбұзушылық деп есептейді.
VPN жарнамалаған азаматтар 50–80 мың рубль, ал заңды тұлғалар 200–500 мың рубль көлемінде айыппұл төлеуі мүмкін.
Сарапшылар бұл бапты соңғы жылдардағы ақпарат кеңістігін бақылауды күшейтудің ең ауыр тетіктерінің бірі деп бағалап отыр. Бұған дейін тыйым салынған контентті жасау немесе тарату ғана жазаланатын.
Материал авторы