372

Алаяқтар тактика ауыстырып, жаңа схемаларға көшті — прокуратура ескерту жасады

Қазақстанда алаяқтық қылмыстары толастамай тұр. Әр істің әшкере болып жатқанына қарамастан, қылмыскерлердің саны азаймай, керісінше, әдіс-айлалары күрделеніп барады. Соңғы күндері олардың мүлде жаңа тактикаға көшкенін Бас прокуратура ресми түрде ескертті.

Алаяқтар тактика ауыстырып, жаңа схемаларға көшті — прокуратура ескерту жасады
РИА Новости / Кирилл Каллиников

6 желтоқсанда ведомство интернет-алаяқтықтың жаңа үлгілеріне қатысты хабарлама таратты. Мекеменің мәліметінше, қылмыскерлер өздерін курьерлік қызмет, домофон компаниясы немесе банк маманы ретінде таныстырып, халыққа хат, SMS және қоңырау жібере бастаған. «Авторизациядағы қате», «домофонды ауыстыру», «есептегіштерді тексеру» деген желеумен тұрғындарды кері қоңырау шалуға итермелейді. Осылайша, азаматтарды әлеуметтік инженерия әдістерін қолдануға ыңғайлы жағдайға түсіреді.

Прокуратура күмәнді қоңырау мен хабарламаларға сенбеуге, бейтаныс адамдарға банк картасының деректері мен SMS-кодтарды ешқашан бермеуге шақырады.

Домофон қызметі атынан алдап жатыр

Жаңа алаяқтық схемалардың бірі — домофон қызметін көрсететін компания қызметкерімін деген қоңыраулар. Қылмыскерлер «қосымша кілт жасау» немесе «кілтсіз кіру функциясын қосу» қызметін ұсынып, әр пәтерге алты таңбалы код жіберіледі деп сендіреді. Бұл қызметтің ресми екеніне иландырып, тұрғындардың жеке деректерін жинайды.

Полицияның айтуынша, шынайы домофон компаниялары мұндай қызметтерді телефон арқылы ұсынбайды және жеке мәлімет сұрамайды. Күдікті қоңырау түссе, сөйлесуді тоқтатып, 102-ге хабарласу қажет.

«Қаржы мониторингі агенттігінің қызметкерімін» дегендер көбейді

Алаяқтар енді мемлекеттік орган атын жамылып, мекемелерге де, қарапайым азаматтарға да хабарласып жүр. Қаржы мониторингі агенттігі мұндай әрекеттерге қатысты ресми ескерту жасады.

Қылмыскерлер өздерін агенттік қызметкері немесе «тексеру жүргізетін заңгер» ретінде таныстырып, компанияларға жалған хат жолдайды. Кейде WhatsApp арқылы ведомство басшысы немесе бухгалтерінің атымен хабарлама жіберіп, олардың шынайы фотосын тіркейді. Бұл сенім тудырып, адамды шатастырады.

Бір «заңгер» кейін қайта хабарласып, ақпараттың «құпия» екенін айтып, ешкімге айтуға тыйым салады. Қысым күшейеді, шұғылдық сезімі туады. Осы сәтте қылмыскерлер адамды банкке жедел баруға және нұсқауларды орындауға мәжбүрлейді. Соның салдарынан кей азаматтар жинағын шешіп, алаяқтарға аударып қояды. Бұл схема әсіресе жалғыз тұратын, психологиялық қысымға әлсіз зейнеткерлерге жиі бағытталады.

Не істеу керек?

– Күдікті қоңырауды бірден үзіңіз.
– Сілтемеге өтпеңіз, тіркемелерді ашпаңыз.
– Ешқандай ақша аудармаңыз.
– Қоңырау түскен нөмірді сақтап, полицияға жіберіңіз.

Алаяқтардың тактикасы өзгерген сайын халықтың қырағылығы да артуы керек. Сақтық — жалғыз қорғаныс.

 

Авторы Серік Алдан