612

Айзат Жұманованың өлімі: Марқұмның күйеуі сол түні өз-өзіне қол салмақ болған

Күйеуінің қолынан азапталып қаза тапқан Айзаттың ісіне қатысты тың деректер шықты.

Айзат Жұманованың өлімі: Марқұмның күйеуі сол түні өз-өзіне қол салмақ болған
әлеуметтік желіден

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Айзат Жұманованың өліміне қатысты Талдықорғанда өтіп жатқан сотта оқиға куәгерлері кезекті рет жауап берді. Тергеу барысында марқұмның күйеуі Айбардың сол түні өз-өзіне қол салмақ болғаны анықталды. Бұл туралы сотта ауылдасы Түкібай Әлішер мәлімдеді.

Әлішердің айтуынша, Айбар әйелі көз жұмғанын білген соң, әкесінің көлігінде қауіпсіздік белдігіне асылуға әрекет жасаған. Оқиға Талдықорған аудандық ауруханасының жанында болған. Ата-анасы мен әпкесі оны дер кезінде тоқтатып үлгерген.

Осы деректі сол түні кезекшілікке шыққан Жетісу облыстық полициясының қызметкері Анарбек Аслан да растады. Оның айтуынша, ауыр жарақат алған әйелдің жеткізілгені туралы хабар түскен соң, тәртіп сақшылары оқиға орнына барған. Сол жерде күдіктінің көлікте асылуға әрекеттенгенін көріп, жолын кескен.

Айзат Жұманова 2025 жылдың маусымында Ақсу ауданы Баласаз ауылында қаза тапқан. Күйеуі Айбар Жанболат адам өлтірді деген күдікпен қамауда отыр. Марқұмның туыстары әйелді 2 жасар қызының көз алдында қатыгездікпен ұрып-соғып, кейін далаға шығарып, атқа байлап сүйрегенін айтады. Ал Айбар болса, әйелінің екінші қабаттан селфи жасап жатып құлағанын алға тартқан.

Бұған дейін сотта прокурор Айзат Жұманованың өліміне әкелген оқиғалардың толық хронологиясын жариялаған болатын.

Материал авторы