298

Мереке жақындаған сайын ұрлық пен алаяқтық та күшейеді

Жаңа жыл қарсаңы – мерекелік көңіл-күймен қатар, құқық бұзушылықтар жиілейтін кезең. Әдетте дәл осы уақытта ұрлық, бұзақылық және алаяқтық фактілері күрт өседі. Халықтың қарбалас күйін пайдаланған қылмыскерлер онлайн саудада, концерт пен ұтыс ойындарын ұйымдастыру желеуінде белсенді әрекетке көшеді. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі тұрғындарға арнайы ескерту жасады.

Мереке жақындаған сайын ұрлық пен алаяқтық та күшейеді
pixabay.com

Министрліктің мәліметінше, мереке алдында жоқ тауарды ұсынып, алдын ала ақша алып ізін суытатын алаяқтар көбейеді. Олар шырша, телефон, сыйлық жеткізіп береміз деп сендіріп, қаражатты аудартқан соң байланысқа шықпайды. Кейбірі тіпті жалған концерттер мен ұтыс ойындарына билет сатып, адамдарды сан соқтырып кетеді. ІІМ әлеуметтік желілер арқылы сауда жасағанда барынша сақ болуға шақырады.

Мерекелік күндері көшелерде ұрлық пен төбелес те жиілейді. Сол себепті полиция қызметкерлері рейдтік шараларды күшейткен. Құқық қорғау органдары бұрын сотталғандардың, есепте тұрған азаматтардың, мигранттар көп шоғырланған орындардың жағдайын тексеріп жатыр. Сауда орталықтары, саябақтар, халық көп жиналатын алаңдар да бақылауға алынған. Бұл профилактикалық шаралар 1 желтоқсаннан бері жүргізілуде.

Сонымен қатар Ішкі істер министрлігі мен Төтенше жағдайлар министрлігі бірлесіп өрттің алдын алу жұмыстарын күшейтті. Үйлердегі газ жабдықтары, электр құрылғылары тексеріліп, тұрғындарға түсіндіру жүргізілуде. Себебі мереке күндері газ бен жарық шамадан тыс қолданылады. Мектептер, балабақшалар, сауда орталықтары мен мейрамханаларда эвакуациялық есіктер, өрт дабылдары мен хабарлау жүйелері де тексеріледі. Бұдан бөлек, отшашулардың сақталуы мен заңсыз саудасының алдын алу шаралары қолға алынған.

Полиция тұрғындарға мереке кезінде қоғамдық тәртіпті сақтаумен қатар, өз мүлкіне де мұқият болуды ескертеді. Қалта ұрылары адам көп жиналған жерлерді торуылдайды. Сондықтан қымбат әшекейлерді көзге түсіріп тақпауға, әмиян мен телефонды бақылауда ұстауға кеңес беріледі. Үйден кетерде есікті құлыптап, көршілерден көз қырын салуды сұрау, бейтаныс адамдарды үйге кіргізбеу де маңызды.

Ұрылар мереке кезіндегі қарбаласты шебер пайдаланады. Жақында Алматыда қылмыскерлер біреудің үйінен сейфті алып шығып, көшеде арқалап жүрген. Тіпті қоғамдық көлікпен алып кетпек болған сәтінде ұсталған. Ал Қарағандыда ер адам өзі жұмыс істейтін мекемеден құны 4,5 миллион теңге тұратын бейнепанельді бөлшектеп ұрлап, кейін интернет арқылы сатпақ болған. Қылмыскер анықталып, ұсталды.

Қысқасы, мереке көңілді ғана емес, қауіпсіз де болуы керек. Жаңа жыл қарсаңында сақтықты күшейтіп, алаяқтар мен ұрылардың айласына түспеу әркімнің өз қолында.

 

Авторы Серік Алдан

Материал авторы