Атырауда «кездесу» бопсалауға айналған: Полиция қылмыстық іс қозғады
Атырауда жүйелі бопсалау схемасы әшкереленді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырау қаласының тұрғыны әлеуметтік желіде ер адамның соққыға жығылған сәті түсірілген бейнежазбаны жариялап, қалада жүйелі түрде жұмыс істеп келген бопсалау тобы туралы мәлімдеді. Оның айтуынша, өзін «сөйлесуге» шақыратын жастар түрлі сылтаумен азаматтарды қорқытып, ақша талап еткен.
Бейнежазбада екі жігіт үшінші адамды «әңгімеге» шақырып, оның өздерінің қарындасымен кездескенін алға тартады. Алайда автордың сөзінше, бұл – тек сылтау. Негізгі мақсат – қорқытып, күш қолданып, ақша бопсалау.
Қалалық тұрғынның айтуынша, схема бірдей: ер адамды пәтерге шақырады, артынша бірнеше адам кіріп, қорқыту мен күш көрсету арқылы ақша талап етеді. Мұндай жағдайлар алғаш рет емес, жүйелі түрде қайталанып отырған.
«Адамдарды алдап шақырады, соққыға жығады, ақша бопсалайды. Бұл үздіксіз болып жатыр. Өз қауіпсіздігім үшін қорқамын», — делінген видеомен бірге жарияланған мәлімдемеде.
Автордың айтуынша, күдіктілердің басым бөлігі 17 жаста, дәл осы жас ерекшелігі олардың өздерін жазасыз сезінуіне себеп болып отыр.
Қазіргі таңда видео жариялаған әйелдің осы схемаға ер адамдарды тартуға пайдаланылған адам болған-болмағаны белгісіз.
Әлеуметтік желілерде бұл оқиға кең резонанс тудырды. Қолданушылар құқық қорғау органдарынан нақты құқықтық баға беруді және барлық деректі мұқият тексеруді талап етуде.
Мамандардың айтуынша, сипатталған жағдай бопсалаудың кең таралған әдістеріне ұқсас. Көп жағдайда жәбірленушіні «қылмыстық жауапкершілікпен қорқыту» үшін қыздың кәмелетке толмағаны туралы жалған уәж айтылады, кейін мәселені «ақшамен шешу» ұсынылады. Бұл нұсқаның шындыққа сәйкестігін және іс бойынша нақты кәмелетке толмағанның бар-жоғын тергеу анықтайды.
Атырау облыстық полиция департаменті аталған дерек бойынша барлық қатысы бар тұлғалар анықталып, полиция бөліміне жеткізілгенін хабарлады. Қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Материал авторы