513

Алматы облысындағы апат кезінде құтқарушы қаза тапты

Апат алдында марқұм көлікке шағымын айтып, видеоға түсірген.

Алматы облысындағы апат кезінде құтқарушы қаза тапты
жеке мұрағаттан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы облысында жол-көлік оқиғасы салдарынан құтқару қызметінің қызметкері қаза тапты. Апат кезінде көлікте облыстық төтенше жағдайлар департаментінің екі қызметкері болған. Көктайғақ салдарынан қызметтік УАЗ автокөлігі жолдан шығып, аударылып кеткен.

Жол апатынан тірі қалған жолаушы көліктен шығып, жол бойынан көмек сұраған. Алайда екінші қызметкер — құтқарушы Фархад Аманбаев алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды.

Марқұмның туыстары апатқа ұшыраған көліктің техникалық жағдайына күмән келтіріп отыр. Олардың айтуынша, УАЗ автокөлігі бұрын қызметтен шығарылған жедел жәрдем көлігінің бөлшектерімен жөнделген. Туыстары мұндай техниканың қызметке жарамсыз болғанын алға тартады.

Қайғылы жағдайға бір сағат қалғанда Фархад Аманбаев әлеуметтік желіде көлік рөлінде түсірілген бейнежазба жариялаған. Видеода ол қызметтік көлікті жөндеген әріптестерінің жұмысына наразылығын білдіреді.

Жарияланған өзге кадрларда дәл осы УАЗ автокөлігін құтқарушылардың өз күшімен жөндеп жатқаны көрінеді. Сонымен қатар қызметкерлердің көлікті жөндеуге әрқайсысы 6 мың теңгеден ақша жинағанын растайтын құжаттар да ашыққа шықты. 

Материал авторы