Ақтауда полицейлер жолдағы өртті сөндіріп, жүргізушінің өмірін сақтап қалды
Полиция есінен танған азаматқа алғашқы көмек көрсеткен.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтауда патрульдік полиция қызметкерлері жол үстінде тұтанған автокөліктегі өртті сөндіріп, бір азаматтың өмірін сақтап қалды. Оқиға 18 желтоқсан күні тіркелген.
Полиция мәліметінше, патрульдеу кезінде рота командирі Қасымхан Даулетов пен взвод командирі Ілияс Өмірзақов 14-шағынаудан аумағындағы қиылыста Nexia маркалы көліктің өртеніп жатқанын байқаған. Қызметкерлер бірден өртті сөндіруге кірісіп, оқиға туралы жедел басқару орталығына хабарлаған, жол қозғалысын уақытша тоқтатып, қосымша экипаж шақырған.
Өрт сөндірушілер жеткенге дейін оларға «Ынтымақ» бекетінен аға полиция қызметкері Ерлан Өмірзақұлы, полиция қызметкерлері А. Байтилеуов пен Ерлан Бегениешев қосылып, жалынды оқшаулауға күш салған. Бірлескен әрекеттің арқасында оттың таралуына жол берілмеді.
Оқиға орнында тоқтаған жүргізушілердің бірінің кенеттен жағдайы нашарлап, есінен танғаны анықталды. Қасымхан Даулетов пен Ілияс Өмірзақов оған дереу алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жедел жәрдем келгенге дейін жағдайын тұрақтандырды. Уақтылы әрекет азаматтың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берді.
Полиция қызметкерлерінің жедел әрі кәсіби қимылының нәтижесінде өрт ауыздықталып, жол қозғалысы бақылауға алынды, ал азаматтардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілді.
Материал авторы