268

Павлодар облысында екі адам үсік шалып, ауруханаға жеткізілді

Павлодарда демалыс күндері үсік алғандар саны артты.

Павлодар облысында екі адам үсік шалып, ауруханаға жеткізілді
Sputnik / Григорий Сысоев

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Павлодар облысында демалыс күндері ауа температурасының күрт төмендеуінен екі адам үсік шалды. Зардап шеккендер жедел түрде медициналық мекемелерге жеткізілді.

Жедел жәрдем қызметінің мәліметінше, көмек 2016 жылы туған балаға көрсетілген. Ол тізе буынын соғып алып, екі қолының саусақтарын үсік шалған. Бала Павлодар облыстық балалар ауруханасының травмпунктіне жеткізілді.

Тағы бір жағдайда 47 жастағы ер адамға үсік диагнозы қойылды. Ол қол саусақтарын үсіріп алып, Павлодар қалалық №1 ауруханасына жатқызылған.

Мамандар үсіктің алдын алу үшін қабат-қабат киіну қажеттігін ескертеді. Киім арасындағы ауа жылуды ұзақ сақтауға көмектеседі.

Облыстық жедел жәрдем станциясы басшысының орынбасары Ирина Мищенконың айтуынша, суықта жүргенде құлақ, мұрын және саусақтарды міндетті түрде жауып жүру қажет.

«Егер денеде ұю сезіліп, тері ағара бастаса, зақымданған жерді қармен, спиртпен немесе қатты матамен ысқылауға болмайды. Бұл теріні одан әрі жарақаттайды. Алдымен жылы жерге кіріп, денені біртіндеп жылыту қажет», – деді ол.

Сонымен қатар өңірде күйік алу деректері де тіркелген. Павлодар қаласында екі жасар қыз бала қайнаған суға күйіп қалған. Кеуде тұсының 9 пайызы зақымданып, ол облыстық балалар ауруханасына жеткізілді.

Атамекен кентінде 43 жастағы ер адам да қайнаған суға күйіп, I–II дәрежелі күйік диагнозымен Павлодар қалалық №1 ауруханасына жеткізілді.

Медицина қызметкерлері күйіктің алдын алу үшін тұрмыстық қауіпсіздікке ерекше мән беруге шақырады. Ас үйде кастрөл мен табаның тұтқасын қабырға жаққа қаратып қою, баланы қолда ұстап тұрып ыстық тағам немесе сусын ішпеу ұсынылады.

Егер күйік алған жағдайда зақымданған аймақты 15–20 минут бойы салқын ағын сумен салқындату қажет. Май, қаймақ, тіс пастасы немесе спирт жағуға болмайды, себебі бұл жылуды тері ішінде ұстап қалып, күйікті асқындырады.

Материал авторы