Павлодарда есірткіні іш киіміне жасырған әйел ұсталды
Тінту кезінде күдіктінің үстінен 16 орам табылды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Павлодарда есірткі саудасына күдікті әйел ұсталды. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, ол тыйым салынған заттарды іш киіміне жасырып жүрген.
Павлодар облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, жедел-іздестіру шаралары барысында интернет арқылы есірткі таратумен айналысты деген күдікпен әйел адам қолға түсті. Тергеу нұсқасына сәйкес, күдікті алдымен ірі көлемде синтетикалық есірткі сатып алып, оны бөліп орап, қала аумағында «жасырын қоймалар» арқылы таратқан.
Тінту кезінде әйелдің іш киімінің жоғарғы бөлігінен 16 орам, сондай-ақ алдын ала дайындалған жасырын жерден тағы бір орам табылып, тәркіленген. Бұл туралы Павлодар облысы ПД басшысының бірінші орынбасары Болат Нұрсейітов мәлімдеді.
Сараптама қорытындысы тәркіленген орамдардың ішінде жалпы салмағы 40 грамнан асатын синтетикалық есірткі бар екенін көрсетті. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті қамауға алынды.
Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері ұсталған азаматшаның заңсыз әрекетіне қатысты барлық эпизодтарды анықтау жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Материал авторы