Таразда жоғары лауазымды шенеунікке 2,2 млн теңге айыппұл салынды
Шенеунік кінәсін мойындаса да, жазадан құтылмады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Таразда жоғары лауазымды мемлекеттік орган басшысы бюджет есебін жүргізу талаптарын бұзғаны үшін 2,2 миллион теңге айыппұл төлейтін болды. Бұл туралы Жамбыл облыстық соты мәлімдеді.
Іс Тараз қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында қаралды. Сотта мемлекеттік орган басшысының бюджет есебін жүргізу, сондай-ақ қаржылық есептілікті жасау және ұсыну тәртібін бұзғаны анықталды. Құқық бұзушылық Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 235-бабы бойынша сараланған.
Мемлекеттік аудит қорытындысына сәйкес, 2021–2025 жылдар аралығында бюджет бағдарламаларын іске асыру туралы есептерде бірқатар елеулі кемшіліктер тіркелген. Атап айтқанда, кейбір есептерде мақсатты көрсеткіштердің орындалуы жөніндегі мәліметтер толық көрсетілмеген, ал жоспарланған деректер бекітілген бюджет параметрлеріне сәйкес келмеген.
Аталған фактілер бойынша лауазымды тұлғаға қатысты төрт әкімшілік хаттама толтырылған. Сот отырысында мекеме басшысы өз кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкініш білдірді.
Заңға сәйкес, бұл бап бойынша лауазымды тұлғаларға 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Сот кінәні мойындау, шын жүректен өкіну және ауырлататын мән-жайлардың болмауын ескере отырып, айыппұл көлемін 30 пайызға қысқартты.
Нәтижесінде төрт құқық бұзушылықтың жиынтығы бойынша төленетін әкімшілік айыппұлдың түпкілікті мөлшері 2,2 миллион теңгені құрады. Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Материал авторы