АҚШ Шыңжаңды әшкерелеген қытай азаматын депортациялаудан бас тартты
Ұйғыр өңірін түсірген блогер АҚШ-тан қуылмайтын болды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ-тың Ішкі қауіпсіздік министрлігі Қытай Халық Республикасының азаматы Гуань Хэнді елден шығару туралы шешімінен бас тартты. Бұл туралы Associated Press агенттігі құқық қорғаушы заңгерлерге сілтеме жасап жазды.
Америкалық қоғамдастық Гуань Хэн Қытайға қайтарылған жағдайда, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы адам құқықтарының бұзылуын әшкерелегені үшін жазалануы мүмкін деген алаңдаушылық білдірген.
Гуань Хэн 2020 жылы Шыңжаң өңіріндегі қамау орындарын жасырын түрде видеоға түсірген. Бір жылдан кейін ол Гонконг арқылы Эквадорға кеткен, кейін Багам аралдарына жетіп, сол жерден үрлемелі моторлы қайықпен Флорида жағалауына шамамен бір тәулік бойы жүзіп барған.
АҚШ аумағына кірген соң, ол түсірілген бейнематериалдарды интернетте жариялаған. Араға көп уақыт салмай, Гуань Хэнді АҚШ-тың иммиграциялық және кедендік қызметі (ICE) ұстады. Содан бері ол тергеу изоляторында қамауда отыр.
Бастапқыда америкалық билік оны Угандаға депортациялауды жоспарлаған. Бұл ел АҚШ-тан депортацияланатын, өз отанына оралудан бас тартқан шетел азаматтарын қабылдауға келіскен.
Алайда құқық қорғаушылардың айтуынша, босқынның адвокатына Ішкі қауіпсіздік министрлігінен ресми хат келіп, депортациялау туралы өтініштің кері қайтарылғаны хабарланған. Соған қарамастан, 38 жастағы Гуань Хэн ICE деректер базасында әлі де қамауда отырған тұлға ретінде тіркелген.
Заңгерлер енді оны Нью-Йорктегі уақытша ұстау изоляторынан кепілмен босатуға және саяси баспана беруге қол жеткізуге ниетті. Бұл мәселені желтоқсан айының басында АҚШ Конгресінің бірқатар мүшелері де көтерген болатын.
Айта кетейік, АҚШ-тағы Демократиялық партия өкілдері Қытай билігін ұйғыр халқына қарсы геноцид жасады деп айыптайды. Олардың мәліметінше, Шыңжаңда бір миллионнан астам ұйғыр арнайы лагерьлерде қамауда отыр. Ал Пекин бұл айыптауларды үзілді-кесілді жоққа шығарып келеді.
Материал авторы