SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, қазақ киносының аңызы «Қыз Жібек» фильмінде Жібек бейнесін сомдаған актриса Меруерт Өтекешова Асанәлі Әшімовті ақтық сапарға шығарып салу рәсімінде жүрекжарды сөз сөйледі.
Өнер иесі марқұмның қазасын театр әлемі үшін орны толмас ауыр қайғы деп атап, Асанәлі Әшімовтің есімі халық жадында мәңгі сақталатынын айтты.
«Бұл – театр үшін орны толмас қаза. Біздің сүйікті Асанәлі ағамыз алыс сапарға аттанды. Бірақ ол жүрегімізде мәңгі қалады. Халық оны ешқашан ұмытпайды. Оның сомдаған рөлдері, түскен фильмдері, сіңірген еңбегі – ұшан-теңіз», – деді Меруерт Өтекешова.
Актрисаның айтуынша, Асанәлі Әшімов өнер жолының басында жүрген кезінде оған аға, ұстаз әрі дос ретінде үлкен қолдау көрсеткен.
«Маған Асанәлі аға аға ретінде де, актер, ұстаз, дос ретінде де көп демеу болды. Өнер жолын енді бастаған кезімде мен тым жас едім. Төлегенім алыс сапарға кеткен еді, енді Бекежаным – Асанәлі аға да алыс жолға аттанды. Енді олар жоғарыда қауышып, бізге жұлдыздай қарап, қамқор болып тұрған шығар. Әттең, бір жыл жетпей қалды. Келесі жылы театрымыздың 100 жылдығы атап өтіледі. Қалай болғанда да, Асанәлі ағаның орнын ешкім баса алмайды», – деді ол.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда көрнекті актер, қазақ сахнасының символына айналған Асанәлі Әшімовті соңғы сапарға шығарып салу рәсімі өткен болатын.
RUS