355

«Аузы қанға толы күйі үйіне жіберілген»: Қарағанды облысында балабақша сотта жеңілді

Баланың жарақатына салғырт қараған балабақша жазаланды.

«Аузы қанға толы күйі үйіне жіберілген»: Қарағанды облысында балабақша сотта жеңілді
instagram.com/astanainfocess

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қарағанды облысының Шахтинск қалалық соты мемлекеттік «Салтанат» ясли-балабақшасын тәрбиеленуші баланың жарақатына байланысты отбасына шамамен 900 мың теңге өтемақы төлеуге міндеттеді. Бұл туралы Astanainfocess мәлімдеді.

Оқиға 2025 жылдың мамыр айында балабақша аумағында серуен кезінде болған. Баланы әткеншек қатты соғып, тістеріне ауыр зақым келтірген. Алайда сол сәтте ойын алаңында медициналық қызметкер болмаған, ал алғашқы көмекке арналған дәрі-дәрмектердің жарамдылық мерзімі өтіп кеткені анықталған.

Зардап шеккен баланың анасының айтуынша, тәрбиеші жедел жәрдем шақырмаған. Бала аузына мақта тығып, қансырап тұрған күйі үйіне жіберілген. Анасы баласын өз бетімен Шахтинск ауруханасына жеткізген, кейін ол Қарағанды қаласына емдеуге жолданған.

Оқиғадан кейін балабақшада бірқатар тексеру жүргізілген. Оған полиция, медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті мен төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері қатысқан. Тексеру нәтижесінде медициналық құжаттаманың дұрыс жүргізілмегені, жарақаттың тіркелмегені және мерзімі өткен дәрілердің қолданылғаны белгілі болды.

Тексеру қорытындысы бойынша балабақша директоры, тәрбиеші және медицина қызметкері әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынған әрі қатаң сөгіс жарияланған.

Шахтинск қалалық соты ата-ананың азаматтық талабын ішінара қанағаттандырып, балабақшаны моральдық зиянды өтеуге, материалдық шығынды, өкіл қызметі мен мемлекеттік бажды төлеуге міндеттеді. Жалпы төлем сомасы шамамен 900 мың теңгені құрады.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор