Түркияда ұшақ апатынан Ливия әскерінің Бас штаб бастығы қаза тапты
Анкарадан ұшып шыққан бизнес-джет апатқа ұшыраған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Түркияда Анкара қаласынан ұшып шыққаннан кейін көп ұзамай бизнес-джет апатқа ұшырап, оның бортында болған Ливия армиясы Бас штабының бастығы Мұхаммед Әли Ахмед әл-Хаддад көз жұмды. Бұл ақпаратты Ливия Ұлттық бірлік үкіметінің премьер-министрі Абдель Хамид Дбейба ресми түрде растады.
Түркияның ішкі істер министрі Әли Ерликаяның хабарлауынша, Falcon 50 үлгісіндегі, борт нөмірі 9H-DFJ ұшағы Анкара әуежайынан сағат 20:10-да Триполиге бағыт алған. Алайда 20:52-де әуе кемесімен байланыс үзілген.
Министрдің мәліметінше, ұшақ сынықтары жандармерия бөлімшелері тарапынан Анкара провинциясындағы Хаймана ауданында, Кесиккавак ауылынан шамамен екі шақырым оңтүстіктен табылған.
Апат алдында экипаж Хаймана аумағында шұғыл қонуға рұқсат сұраған. Осыдан кейін бортпен байланыс қайта орнамаған.
Ұшақта барлығы бес адам болған. Олардың қатарында Ливия армиясы Бас штабының бастығымен бірге құрлық әскерлерінің қолбасшысы, әскери өндіріс басқармасының директоры, кеңесші және бас штаб бастығының фотографы да болған.
Түркиялық бұқаралық ақпарат құралдары Falcon 50 ұшағы құлаған жерден түсірілген фотосуреттерді жариялады.
Абдель Хамид Дбейба бұл оқиғаны «ресми сапардан қайтып келе жатқан кезде болған ауыр әрі қайғылы жағдай» деп атап, марқұмның қазасын ел үшін орны толмас шығын деп бағалады.
«Бұл — ұлт, әскери құрылым және бүкіл ливиялық халық үшін зор қаза», — делінген премьер-министрдің мәлімдемесінде.
Материал авторы