SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Түркістан облысында 16 жастағы қызды зорлап, өлтірді деген айыппен қаралған резонансты қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты. Сот айыпталушыға ең қатаң жаза — өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Бұл туралы Almaty.tv тілшісі жеткізді.
Үкімге сәйкес, сотталған азамат марқұмның отбасына 50 миллион теңге көлемінде моральдық шығын өтемақысын төлеуге міндеттелді. Сот барысында айыпталушы өз кінәсін толық мойындамағанымен, сот тергеу ұсынған дәлелдерді жеткілікті әрі нанымды деп таныды.
Қайғылы оқиға 2025 жылдың маусым айында Түркістан облысындағы Төрткүл ауылында болған. Жасөспірім қыз дүкендегі жұмыстан кейін үйіне қайтып келе жатып, із-түзсіз жоғалған. Келесі күні полиция оның мәйітін балабақша маңынан тапқан.
Қылмысқа күдікті ретінде сол маңда жұмыс істеген шетел азаматы ұсталған. Істің қоғамдағы үлкен резонанс тудыруына байланысты сот процесі жабық режимде өтті.
Сот үкіміне сәйкес, айыпталушыға тек өмір бойына бас бостандығынан айыру ғана емес, сонымен қатар педагогикалық қызметпен айналысуға және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге өмір бойына тыйым салынды. Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесінде өтейді.
«Айыпталушы Исамединовқа өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Сондай-ақ оны педагогикалық қызмет атқару және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеу құқығынан айыру белгіленсін. Бұлтартпау шарасы ретінде бұрын таңдалған қамауда ұстау өзгеріссіз қалдырылсын», — деп үкімді Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Дәурен Мадалиев оқып шықты.
RUS