373

Түнгі жаттығулар, теңізге шығу, әуе ұшулары: Қарулы Күштер жыл қорытындысын жариялады

Бір жылда 60 мыңнан астам жауынгерлік іс-шара өткізілген.

Түнгі жаттығулар, теңізге шығу, әуе ұшулары: Қарулы Күштер жыл қорытындысын жариялады
gov.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 2025 жылы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінде әскери басқару органдарын, құрамалар мен әскери бөлімдерді жоспарлы даярлау жүйелі түрде жүргізілді. Оқу жылының қорытындысы бойынша жауынгерлік даярлық аясында 60 мыңға жуық іс-шара ұйымдастырылған.

Қорғаныс ведомствосының мәліметінше, аталған іс-шаралардың 17 мыңнан астамы түнгі жағдайда өткізілген. Жауынгерлік даярлықтың негізгі салмағы Құрлық әскерлері мен Десанттық-шабуылдау әскерлеріне түсті.

Әуе қорғанысы күштері мен Әскери-әуе күштерінде ұшқыш құрамды даярлау деңгейінің оң динамикасы тіркелді. Жыл ішінде күндізгі және түнгі уақытта шамамен мың ұшу ауысымы орындалды. Әуе экипаждары күрделі метеорологиялық жағдайларда оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау, әуе және жер үсті нысандарына қарсы әрекет ету, сондай-ақ ұшқыштық шеберлікті жетілдіру бағытында кезең-кезеңімен жаттығулар өткізді.

Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің бөлімшелері мен әскери бөлімдерінде 760 жауынгерлік үйлестіру іс-шарасы ұйымдастырылды. Ал Әскери-теңіз күштері есепті кезеңде 188 рет теңізге шығып, кеме экипаждарының жалпы жүзу қашықтығы 25 мың теңіз милінен асты.

Қарулы Күштердің түрлері, әскер тектері мен арнайы әскерлерді үйлестірудің қорытынды кезеңдерінде 4,5 мыңға жуық жауынгерлік атыс пен тактикалық оқу-жаттығу өткізілді. Бұл іс-шаралар барысында түрлі жағдайда оқу-жауынгерлік міндеттерді тікелей орындау машықтары пысықталды.

Сонымен қатар жыл бойы «Айбалта», «Десант», «Жауынгерлік достастық», «Каспий бризі» секілді ірі жедел-стратегиялық, жедел-тактикалық және арнайы оқу-жаттығулар ұйымдастырылды. Олардың аясында әскер түрлері мен бөлімшелер арасындағы өзара іс-қимыл жетілдіріліп, соңғы жылдардағы әскери қақтығыстар тәжірибесі негізінде әзірленген жаңа тактикалық тәсілдер сынақтан өтті. Бұл бағыттағы жұмыс тұрақты түрде жалғасып жатыр.